Ақтау қаласынан 19 км қашықтықта тематикалық саябақ салынып жатыр. Ірі әрі көпфункционалды саябақтың құрылыс жұмыстары жазға дейін аяқталуы мүмкін, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тематикалық саябақ төрт жұлдызды «Rixos» қонақ үйінің жалғасы іспеттес. Қазіргі мұнда 4 жоба бір мезетте орындалып жатыр. Атап айтқанда, саябақ ішінде сауда орталығы, гольф клубы, гольф қонақ үйі және аттракциондар болады. Осының барлығы 13 гектар жерді алады.
«Бұл құрылыстың барлығы Каспий жағалауында салынып жатыр. Әуежайдан 42 км, вокзалдан 21 км және Ақтау қаласынан 19 км қашықтықта орналасқан. Атап өткен құрылыстың теңіз бетіннен 2,5 км қашықтықта аллея ойластырып жатырмыз. Аллеяда демалушылар жаяу жүріп, велосипедпен немесе арнайы тематикалық паровозбен серуендей алады. Сондай-ақ 560 көлікке арналған автотұрақ болады. Паркке күніне 6 000 адам кіре алады, бірақ біз орта есеппен 4 500 адам келеді деп күтіп отырмыз», - дейді «Sеmbol» компаниясы бас директорының көмекшісі Ренат Мейіркамал.
Сонымен қатар парктің кіреберісінде 5 300 шаршы метрді қамтитын фуд-корт болады. Онда 270 адамға қызмет көрсетіледі. Қосымша парк сыртында да 2 кафе салынады.
Паркте 16 үлкен аттракцион шеңбер тәрізді орналасады. Ортасындағы су айдынында аттракцион тұрады.
«Ең үлкен аттракцион - «Шолу дөңгелегі». Биіктігі – 55 метр, 36 кабинасы бар. Бір уақытта 216 адам отыра алады. Одан кейін «Жылдамдық төбешігі» атты аттракцион болады. Оның биіктігі 44 метр болса, жол ұзындығы 216 метрге жетеді. «Еркін құлау» аттракционы, түрлі машиналар мен самолеттар болады. Мұның барлығы отбасылық, жағажай туризмін дамытуға арналады», - дейді «Sеmbol» компаниясы бас директорының көмекшісі Ренат Мейіркамал.
Компания өкілінің айтуынша, қазіргі таңда бетон жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы айдың соңына дейін аттракцион құрылғылары келсе, әрі қарай оны орнату жұмыстары тез бітеді. Жазғы демалыс маусымына дейін құрылысты аяқтауды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН