Тұрғындар Ақтау қаласының 34 шағын ауданындағы облыстық қан орталығында коронавирусқа қарсы вакцина алып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін вакцина алуға келгендердің арасында медицина мамандары да бар екен.
Бүгін мен әріптестеріммен бірге коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыруға келдім. Медицина қызметкері ретінде басқаларға үлгі болуымыз керек. Халықпен жұмыс істейтін болғандықтан үлкен жауапкершілік аламыз, сондықтан вакцина алған дұрыс деп есептеймін. Мен өзімнің отбасыма, қоғамға, жұмысыма керекпін. Өз еркіммен вацинаны салдырамын деп шештім, - дейді Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Нұрлан Жакиев.
Терапевт маманның айтуынша вакцина салуға дейін 3 күн, бірінші доза салынған соң вакцинаның екінші дозасы 21 тәуліктен кейін егіледі, сол уақыт ішінде және екінші доза салынған соң да бір апта алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынады. Вакцина егілгеннен кейін 42 күн ішінде жүктілік болмауы тиіс.
Пациент келгенде әуелі жеке куәлігін алып, денсаулық жағдайын білеміз. Бұрын қандай аурумен ауырғанын, аллергияның жоқтығын, қандай дәрі қабылдап жүргенін сұраймыз. Әйелдер болса жүктілігі жөнінде міндетті түрде анықтауымыз керек. Содан кейін қан қысымын, сатурациясын өлшейміз. Кейін жүрек пен өкпені де бақылап көреміз. Егер пациенттің денсаулық жағдайы жақсы болса вакцинаны салуға көшеміз. Ал медициналық тарихында онкологиялық аурулар болса, гормондық препараттар қабылдап жүрген, жақында жүйелі органдарына ота жасатқан адамдарға вакцина егілмейді. Вакцина егілгеннен кейін пациент жарты сағат бойы біздің бақылауымызда болады, - дейді «Сенім» клиникасының терапевт дәрігері Гүлбақыт Отарова.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын