Маңғыстаулық құсбегі Айшуақ Тайманов ҚР-ның спорт шебері атағын екінші рет иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Құсбегі Өскеменде өткен ересектер арасындағы ел біріншілігінде бақ сынады. Чемпионатқа елдің әр өңірінен құсбегілер келген. Олар шарт бойынша бүркіт, қаршыға мен ителгіні ұшырып, ережеге сай тапсырманы орындады.
«Әр құстың өз ережесі бар. Ел біріншілігінде қаршығаны 200 метр қашықтықта қолға шақырып, белгілі бір қашықтықтан кептерге салу және қоянға салдық. Әр ереже 10 ұпаймен бағаланды. Қаршығаны қолға ұшырып, жемтікке салуда ең жоғары 30 ұпайға ие болдым. Осылайша жеңіс тұғырынан көріндім», - дейді Айшуақ Тайманов.
Сонымен қатар жарысқа қатысушылар ителгіні көкте ұшырып, аспанда ойнату арқылы сынға түсті. Бұл сайыста да маңғыстаулық құсбегі ережеге сай қос қанатын кеңге жайып, қалықтаған ителгіні қоянға салып, қақпанға түсірген.
Еске сала кетейік, былтыр Петропавл қаласында құсбегілер арасында ҚР чемпионаты өткен болатын. Сол ел біріншілігінде де маңғыстаулық Айшуақ Тайманов топ жарып, чемпион атанған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА