Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы 9 мамыр Жеңіс мерекесіне орай жергілікті ардагерлерді зиярат етіп, құрмет көрсетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алғаш болып Әнуар Ізімбайұлы жазушы Кенжебек Сержанұлымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің иегері, ғасыр жасаған қария Асан Аймағамбетовтың шаңырағына барып, сәлем берді. Жеңісті Берлинде қарсы алған ардагердің қал-жағдайын сұрағаннан кейін, бас имам оған Маңғыстау өкілдігінің атынан сый-сияпат жасап, ақ батасын алды.
Содан кейін бас имам Ұлы Отан соғысының ардагері Бисен Боқаевтың үйіне барып, ақсақалға сәлем берді. Сүбелі сұхбаттан соң Әнуар Ізімбайұлы майдангер Бисен Боқаевқа Маңғыстау өкілдігінің атынан сый-сияпат табыстап, ақ батасын алды.
«Ұлы Отан соғысында еліміз бен жеріміздің амандығы үшін аянбаған майдангер аталарымыз бен әжелерімізге қанша сый-сияпат көрсетсек те аз. Біз және келешек ұрпақ бұл кісілердің есімдерін және ерліктерін мәңгі жадымызда сақтап, ұмытпауымыз тиіс», - деді Әнуар Ізімбайұлы.