Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде Ұлы Отан соғысында марқұм болған ата-бабаларымызды еске алу рәсімі өтіп, олардың рухына Құран аяттары бағышталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, санаулы адамның қатысуымен өткен қаһармандардың рухына тағзым ету іс-шарасына ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы, облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Қайрат Қошкелдіұлы және өзге де дін қызметкерлері қатысты.
«Ұлы Отан соғысында «Елі үшін туып, елі үшін өлген» батырларымыздың жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын. Раббымыз Алла оларға жұмақты нәсіп етуін тілейміз», - деді Әнуар Ізімбайұлы.
Осы іс-шараны пайдаланып, Әнуар Ізімбайұлы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Құрметті Серікбай Құдайбергенұлы! Бүгінде ақсақалдық жастың шыңына жетіп, өңіріміздің абыройлы ел ағаларымен бірге қоғамдық ардагерлер ұйымына көшбасшылық етіп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп келесіз. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген мерейлі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасы амандығын тілеймін», - деп Әнуар Ізімбайұлы Серікбай ақсақалға ыстық ықыласын білдіріп, оған Маңғыстау өкілдігінің атынан сый-сияпат жасады.