Бүгін грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны, классикалық стиль балуаны, КСРО спортқа еңбегі сіңген шебер, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген бапкері Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіровтың дүниеге келген күні. Егер көзі тірі болса бүгін 70 жасты бағындырар еді.
Жақсылық Үшкемпіров Семей зооветеринарлық институтын және Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірген.
Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры. 1971 жылы Қазақ КСР чемпионатын жеңіп алады, 1973 жылы КСРО біріншілігінің қола жүлдегері атанып, құрамаға алынды. 1980 жылы 48 кг салмақ дәрежесінде Олимпиада чемпионы болды. 1984 жылдан «Қайрат» ЕСҚ республикалық күрес мектебінің директоры. 1991 жылдан Қытайда құрама команда жаттықтырушысы. 1993 жылдан қоғамдық жұмыспен, бизнеспен айналысады.
Еркін күрестен КСРО чемпионы; Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері; Мәскеудегі Олимпиадалық ойындардың чемпионы; әлем чемпионы (Осло, 1981); Әлем кубогының иегері (1982). Грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. КСРО және ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.
Елордада Олимпиада чемпионын еске алуға арналған турнир өтеді
Осы ретте грек-рим күресінен тұңғыш қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Байрақты бәсеке 7-9 мамыр күндері елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Нұр-Сұлтан қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, турнирге Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 250-ден аса спортшы қатысады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медальдармен марапатталады.