Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, жаңа аялдамалар әжетханамен, қыс мезгілінде жылыту қондығыларымен, ал жазда салқындатқышы бар күту орындарымен қамтылады.
«Өздеріңізге мәлім қаладағы ескі аялдамаларда тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмаған. Яғни жаз мезгілінде ыстық, қыс мезгілінде салқын. Халықтың күнделікті өмір сапасын жақсарту мақсатында кәсіпкерлермен бірлесіп аялдама салу жұмыстары жүргізілуде», -деді Нұрдәулет Қилыбай.
Қазіргі таңда аялдамалар мен павильондардың сыртқы келбетіне эскиз жасақталған. Осы жылы 20-дан астам жаңа аялдаманы іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар туризмді дамыту мақсатында қала аумағындағы аялдамаларда Ақтаудағы топ 10 орын, Ақтау қаласының және теңіз жағалауының туристік картасы және әуежай, қонақ үй, кафелер тіркелген қала бойынша туристтерге арналған жолсілтеме орналастыру көзделген.