Бүгін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Салтым – атамдай, дәстүрім – анамдай» тақырыбында жас ақындар айтысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айтысқа қатысқан 10 ақын әуелі жұптасып бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен соңында 4 ақын «Құлмамбет айтысы» бойынша жыр өрбітті.
Осымен үшінші жыл айтыс ұйымдастырып отырмыз. Айтыстың негізгі мақсаты еліміздің рухын ояту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу және қазіргі жастар арасындағы радикалдық идеологияға деген қарсы имунитетті қалыптастыру. Жас ақындарымыздың айтысы ұнады, әрқайсысы тақырып бойынша айтып өтті, - дейді МО Дін істері басқармасының дін істері бойынша ақпараттық талдау орталығының басышысы Тасболат Азат.
Жастардың сөз майданында 18 жастағы Ердәулет Сардар бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал жүлделі І орынды Нұрсұлтан Оңғарбай алса, ІІ орынға Азамат Орынбасаров ие болды. Ал Мағжан Жұмабай ІІІ орынды місе тұтты. Айтыс жүлдегерлері мен қатысушылары ақшалай сыйақымен марапатталды.
Бұл жерде осал ақын жоқ. Барлығының қарқыны мықты. Ал маған ораза айында бұйырған жүлде осы болды, - дейді «Жыр-жебе» ақындар мектебінің түлегі, бас жүлдені еншілеген ақын Ердәулет Сардар.
Айта кетейік, өңірдегі карантиндік ахуалға байланысты сөз маржанын тізген жас ақындардың айтысы көрерменсіз өтті.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын