«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Экологиялық қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жақында кеңестің алғашқы отырысы өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Отырысқа кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов төрағалық етті. Кеңес жұмысына "Nur Otan" партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов қатысты. Сондай-ақ, кеңестің басқа мүшелері онлайн форматта қосылды.
Алдымен кеңес мүшелері өзара танысып, олардың әрқайсысына міндеттемелер жүктелді. Жұмыс жоспар талқыланып, бекітілді. Алдағы уақытта кеңес жанынан экологиялық туризмді дамыту бойынша сарапшылық жұмыс тобы құрылатын болады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі қалай? Бұл ретте табиғатты қорғау құрылымдары, қалалар мен аудандар әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жүргізілмек. Қатты қалдықтар қоймасына арналған полигон салу, халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқап болып табылатын Қаракөл көлінің экологиялық жағдайын қадағалау, бұдан бөлек облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, экология департаменті, қалалар мен аудандар әкімдіктері, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы, Маңғыстау облысы полиция департаменті табиғат қорғау полиция бөлімі, «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС мәлімдемелерін тыңдау.
Сондай-ақ рұқсат етілмеген үйінділерді жою және үйінділердің пайда болу мүмкіндігін азайту жөніндегі шараларды күшейту, Маңғыстау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша жол картасының орындалу барысымен танысу. Барлық ауылдарда қоқыс жинау және құрамында сынап бар қалдықтарды жинау үшін контейнерлер орнату мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Сонымен қатар, Қошқар ата қалдықтар қоймасын қайта қалпына келтіру және өнеркәсіптік кәсіпорындардың және қалдықтар қоймасының айналасындағы санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру алаңдарын 150 гектарға (ұзындығы 15 км ені 100-150 метр) арттыру. Маңғыстау ауданының елді мекендеріне жақын жердегі тас карьерлеріндегі 11 өндірісті қашық жерге көшіру, құрлықтағы браконьерлікпен күрес, жалпы биолауантүрлілікті сақтау бойынша қызмет нәтижелері не талдау жүргізу. Жыл сайын қоршаған ортаның ластану деңгейіне тәуелсіз бағалау жүргізу және қоршаған ортаның жай-күйіне қолайсыз антропогендік әсерді төмендету үшін жүргізіліп жатқан зерттеулерді қадағалау. Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтарын, жалпы Каспий биоалуантүрлілігін сақтау бойынша қызмет нәтижелерімен танысып, ұсынымдар беру. Маңғыстау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша жол картасының 2021 жылы жүзеге асырылған жұмыстары бойынша есебін тыңдау. Сондай-ақ, кеңес жанындағы экологиялық туризмді дамыту бойынша сарапшылық жұмыс тобының 2021 жылы атқарған жұмысына баға беріледі.
Айта кету керек, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Экологиялық қоғамдық кеңесінің төрағасы болып Әділбек Қозыбақов сайланды. Ал оның орынбасары болып Орынбасар Тоғжановтың кандидатурасы бекітілді.