Маңғыстау облысының тұрғыны сот шешімімен өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының тұрғыны 2019 жылы сот үкімімен үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Алайда ол 2020 жылдың 30 қарашасында Қарақия ауданы Құланды ауылының жанындағы тас жолда “Mitsubishi Montero” көлігін мас күйінде басқарғаны үшін ұсталды.
– Ол сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі) бойынша кінәлі деп танылды. Оған көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру және екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы Жанарбек Бақтыбаев.