Бүгін Маңғыстау облысында «Киік» акциясы басталды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық орман щаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ғаббас Досатовтың айтуынша, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция тарапынан «Киік» акциясын өткізуге 2 автокөлік, 4 мемлекеттік инспектор жұмылдырылады. Сонымен қатар, акция аясында «Охотзоопром» ӨБ РМҚК тарапынан 24 инспектор, 8 автокөлік шығарылады және құқық қорғау органдары, басқа да мемлекеттік құзырлы органдар бірлесіп іс қимыл атқаратын болады.
-Республикамызда киіктер бір-бірінен жеке дара бөлініп, Бетпақдала, Үстірт және Орал таралымдарында мекендейді. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында киіктердің Үстірт популяциясы таралған. Киіктер Маңғыстаудың Ақтөбе облысымен шекаралас аймақтарға маусымдық көші-қон кездері келеді. 2019-2020 жылғы санақ бойынша киіктің Үстірт таралымының саны - 5 900 болса, 2021 жылғы санақ қорытындысына сәйкес киіктердің саны -12 000 бас құрады. Заңмен 2023 жылға дейін киікті атуға тыйым салынды. Осыған байланысты киіктерді заңсыз аулау, олардың бөліктермен дериваттарын заңсыз алу, сақтау, әкелу, әкету, тасымалдау ҚР Қылмыстық Кодексінде көзделген жауапкершілікке тартылады,-деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов.
Киіктерді заңсыз аулағандар жауапкершілікке тартылады. Яғни, мүлкі тәркіленіп, үш мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға (9 189000 – 21 441 000 тг) не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, киіктің (аталықтың) 1 дарағын заңсыз аулағаны үшін жануарлар дүниесіне келтірілген шығын көлемі – 4 594 500 тг құрайды (500 АЭК х3).
Өңірдегі «Киік» акциясы мамыр айының 15-не дейін жалғасады.