Ақтауда теңіз жағалауында заңсыз сауда-саттықпен айналысуды тоқтату шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналындатАқтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Күні кеше желі қолданушысы 14-15 шағынаудандағы теңіз жағалауында заңсыз сауда-саттықтың көбейіп бара жатқанын айтып, қала әкімдігінен шара қолдануды сұраған.
Тұрғынның сауалына Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары жауап беріп, аталған мәселенің шешілу барысы туралы хабардар етті.
Мамандардың айтуынша, Ақтау қаласы әкімдігі 5 сәуір күні қоғамдық кеңес мүшелері және «Маңғыстау» телеарнасымен бірлесе өткізген жоба барысында 14«А» шағын ауданындағы теңіз жағалауында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналасушы тұлғаларға ескерту хатын берген болатын. Бұл жұмыс тоқтамайды. Қазіргі таңда Ақтау қаласы әкімдігі, жергілікті полиция басқармасы, Ақтау электр желілері басқармасымен бірлесіп, теңіз жағалауындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметті тоқтату мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр, - дейді жауаптылар.