Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО Білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлім етті, деп mangystaumedia.kz сайты хабарлайды .
Кезекші сыныпта оқитын оқушы қазанның 8-нен бері үйінде болған, мектепке келмеген. Анықталғандай баланың әжесі «Сарыағаш» шипажайынан ауырып келген. Кейін «COVID-19» ПТР тестін тапсырып, оң нәтиже берген. Бала әжесінен вирус жұқтырған. Қазір отбасының барлық мүшесінен сынама тест алынған. Сондай-ақ, 14 қазан күні 1 сынып оқушысынан «COVID-19» вирусына тест алу нәтижесінде оның вирус жұқтырғаны анықталған. Белгілі болғандай бала коронавирустың шағымсыз түрімен ауырған.
«Баланың көңіл-күйі жақсы, екі оқушы да қазір үй-ішімен бірге оқшауланды. Аталған сынып оқушылары мен сабақ берген үш пән мұғалімі карантинге жіберілді. Сынып карантинге жабылды. Сондай-ақ, 14 қазан күні Мұнайлы ауданындағы мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімінен «COVID-19» инфекциясы табылды. Бұл мұғалім Ақтау қаласындағы коронавирус анықталған оқушының анасы. 7 қазаннан бері еңбекке жарамсыз парақшасын алдырған. Осы жағдайларды ескере отырып, штаттық режимде кезекші сыныптары бар білім беру мекемелеріне қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау басқарманың қатаң бақылауында», - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында пандемия басталғалы 43 оқушы мен 23 мұғалім қауіпті індет жұқтырған. Қазіргі кезде құзырлы органдар білім беру ұйымдарына мониторинг жұмыстарын жүргізуде.