Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің қызметкерлері 1 маусым - балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық шарасын өткізді. Ақтауда тұратын 20 көпбалалы отбасына азық-түлік және балаларға тәттілер таратты. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
- Ақтау мешіті қызметінің бір бағыты - қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Бұл жолы ақтаулық көп балалы отбасыларға мерекеде қуаныш сыйлап, азық-түлік жіберілді. Асыл дінімізде мейірімділік пен мұқтажға көмек қолын созу - ең ізгі қасиеттер саналады. Карантин тәртібіне байланысты, балаларға ауқымды шара ұйымдастыра алмадық. Ел болашағы саналатын балдырғандарды мерекелерімен құттықтап, жарқын өмір тілеймін, - дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев.
Азық-түлік қоржынына ұн, шұжықтар, бір қорап тәтті піспенан және тәттілер салынды. Кәсібінен береке тауып, тапқан табысының бір бөлігін қайырымдылыққа бөлген жеке кәсіпкер Шафхат Рыжибаев басшылық ететін «Асланбектің» дәмді шұжық өнімдері көп балалы отбасыларға жөнелтілді. Өткен аптада Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде 20 мұқтаж отбасына азық-түлік жіберілген болатын. Мешіт қызметкерлері мұндай игі шараларды тұрақты өткізіп келеді.