Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Ізбергенов Мұнайлы ауданының кәсіпкерлерімен кездесіп, түйіткілді мәселелерімен танысты.
Алдымен темір жол мен тас жолдың тоғысқан тұсындағы көкөніс сақтау қоймасының құрылысымен танысты. Қойма бір мезетте 100 вагон көкөністі сақтауға қауқарлы. Жұмыс орны ашылса, 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Кәсіпкер Әлия Сармурзинаның айтуынша, асхана, қонақ үйі қатар тұратын нысанның құрылысын аяқтау және заманауи құралдармен жабдықтау үшін 150 млн теңге төмендетілген несие қажет. Сонда жеміс-жидегі мен көкөнісі сырттан тасымалданатын Маңғыстауда бағаны тұрақтандыруға, азық қорын ұзақ сақтауға мүмкіндік мол.
Мұнайлыдағы тағы бір ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Сауқымбек» ЖШС -нің ұн комбинаты. Астықты тікелей Қостанай облысынан тасымалдап, соңғы үлгідегі диірменнен тартып, сапалы ұн шығаратын кәсіпорынның өз қиындығы бар. Кәсіпкер Ақжібек Сәкенқызының айтуынша, теріскейден батысқа жеткенше астықтың тасымал құны шарықтап кетеді. Сондықтан да темір жол тасымалына субсидия сұрап отыр. Егер кәсіпкер сұранысы қанағаттанарлық болса ұнның құны төмендер еді. Бұл болашақта макорон, жайма т.б ұн өнімдерін шығаруды межелеп отырған зауыт үшін аса маңызды.
«Комбинат күніне 150 тонна өнім шығарады. Оның 75 %-ы ұн, 25 %- ы кебек жем. 2017 жылы іске қосылған кешенде 55 адам жұмыс істейді», - дейді кәсіпкер Ақжібек Сәкенқызы.
Кәсіпкердің жоспары қолдау тапса жұмысшылар санын екі есеге дейін көбейеді.
Ал Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының сауда нүктелерін ыстық нанмен қамтамасыз етіп отырған наубайхана иесінің уәжі бөлек. 2018 жылы ашылған наубайхананың электр қуаты қымбатқа шығып тұр. 6 адамға жұмыс көзін тауып берген іскер ұн бағасының да уақыт санап көтеріліп бара жатқанын тілге тиек етті. Әлеуметтік нанның бағасын 70 тг асырмай ұстау қиындық келтіретінін де жасырмады. Күніне 2 мыңнан астам нан пісіретін орын өзекті мәселелерінің шешім табатынынан үмітті.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Күрентайұлы бизнес өкілдерін мұқият тыңдап шықты. Ол аталған мәселелер бойынша құзырлы орындарға ұсыныс жасайтынын, кәсіпкерлердің мүддесі үшін тиімді келісімге келуге ат салысатынын атап өтті.