Жаңаөзендегі ХҚКО қайта жұмысын бастағаннан бері бір апта уақыт ішінде жеті мыңнан астам жаңаөзендікке мемлекеттік қызмет көрсетілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Ербол Байжігіттің айтуынша, ХҚКО карантин кезінде уақытша онлайн режимде қызмет көрсеткендіктен екі ай ішінде бірнеше адам қажетті анықтамаларын ала алмаған.
ХҚКО жұмысқа кіріскеннен бастап 700 жаңаөзендік мерзімі өткен жеке куәліктері мен төлқұжаттарын рәсімдеп үлгерген. Ал осынша халыққа орталықта 15 маман қызмет көрсетеді. Коронавирус инфекциясының қаупі сейілмеуіне байланысты халықты ғимаратқа кезекпен, арақашықтықты сақтап кіргізіп жатыр. Халықтың кезек күтуіне ыңғайлы болуы үшін орталық алдына арнайы шатырлар орналыстырып, орындықтар қойылған.