Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Маңғыстау облыстық орталық мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Ақтаудағы әлеуметтік жатақханада тұратын 100 отбасына ауызашар таратылды. Қайырымдылық шарасына мешіт жамағаты атсалысып, қасиетті айда ниет етіп, аузын бекіткендерге ыстық тағам үйлеріне жеткізілді. Бұл туралы облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлайды.
- Мешіт жанындағы әйел-қыздар секторының мүшелері Рамазан айының сауабынан құр қалмау мақсатында шараға белсене араласты. Алланың разылығы үшін күні бойы нәр татпай, кешке ауызашарда ораза ұстаған адамның тәбеті тартатын ыстық тағамдар мен тәттілерді шын ықыласпен өз қолдарымен дайындады. Өздері ораза ұстап жүріп, мүжәлсіз отбасыларға мейірімділік танытып, қайырымдылыққа қатысқан жандарға алғыс айтамын, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Маңғыстау облыстық орталық мешітінің әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиева.
Бұл - әйел-қыздар секторының алғашқы шарасы емес, бұған дейін де мешіттің нәзік жандылар қауымының мұрындық болуымен қайырымдылық жасалған болатын. Ақ жаулықтылар алдағы уақытта да мүжәлсіз отбасылар мен жарымжан жандарға көмек жалғасын табады деп отыр.