ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов жұма намазын және бес уақыт намазды уақытша тоқтату туралы мүфтият жариялаған пәтуаға байланысты түсінік берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мұндай шұғыл шешім біздің елімізде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде пайда болып отырған қауіпті аурудың өршуіне байланысты қабылданып отыр. Мемлекетіміз үшін де, асыл дініміз бойынша да адамның өмірі мен денсаулығы - ең басты құндылық. Осыған орай, Маңғыстау мешіттерінде бүгіннен бастап жамағат болып намаз оқуға уақытша тоқтатылады. Мешіттер қызметін жалғастырып, бес уақыт азан шақырыла береді. Бірақ, жамағатқа бес уақыт намазды әркім өз үйінде оқығаны жөн екендігі түсіндіріледі. Қасиетті жұма намазын да жамағат болып оқуға әзірге шектеу қойылатын болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бүгінгі шешімін құптай отырып, мешіттерде сақтық шараларын күшейтетін боламыз. Мешітте тұрғындардың топтасуының алдын алып, тазалық жұмыстарын толыққанды атқаратын боламыз» - дейді Маңғыстау облысының Бас имамы Әнуар Елжанов.