Бүкіл әлемді дүрліктірген дауасыз дерт біздің елден де табылып, дәл қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 13 адам анықталып отыр.
Мың-сан бәленің бәріне қатысты айтылатын «сақтанғанды Құдай сақтайды» деген мәнді сөз қазір коронавирусқа қатысты ең өзекті ескерту ретінде естілетін болды. Себебі, қайда барсақ та, кімге құлақ түрсек те, амандық-саулықтан кейінгі алдымен ауызға алатыны сол тақырып. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы бұл ғаламдық кеселді пандемия, яғни әлемдік ауқымда таралып жатқан жаңа жұқпалы індет деп жариялады. Соған байланысты ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында мемлекет басшысы арнайы Жарлығымен Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз бен 2020 жылғы 15 сәуір кезеңінде төтенше жағдай енгізіп, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Басты мақсат – індеттің жаппай өршуіне жол бермеу және ауруы анықталғандарды оқшаулап емдеу, олармен байланыста болғандарды түгел тексеру және жалпы сақтық шараларын күшейтуге қатысты тәртіпті мүлтіксіз орындау.
Аптаның алғашқы күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына телеарналар арқылы арнайы үндеуін жолдап, барша отандастарын бұл сынға сақадай сай болуға, сақтық шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыруға, өздерін және жақындарын қауіптен сақтандыруға, халықты дүрліктіретін кез-келген арандатушылық әрекетке тойтарыс беруге шақырды. Осы мақсатта ел ішінде көп адам жиналатын бұқаралық мәдени-спорттық шараларға, жиын-тойларға шектеу қойылуы мен ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмысын уақытша тоқтатылуын да халық өз қауіпсіздігінің қамы деп түсініп, жоғары жауапкершілікті сезінуі тиіс. Маңғыстауда жылда көпшіліктің қатысуымен тойланатын Амал мерекесінің кейінге қалдырылуына да сол қауіпті вирус себеп болғанын жұртшылық түсіністікпен қабылдады.
«Сақтанғанды Құдай сақтайды. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек!», - деді Қ.Тоқаев.
Коронавирус инфекциясы өршітіп жіберген дүние жүзіндегі дүрбелеңнің үрейлі үрдісінен жаһандық экономика әлсіреп, жалпы ішкі өнім құлдырап, қаржы нарығы күйсіреп тұр. Соның кесірі біздің елдің экономикасына да кері әсерін тигізіп, осы бағыттағы мақсат-міндеттерін, бюджет қаржысын қайта қарауға мәжбүр етуде. Яғни, ұлттық экономика мен қоғамымыздың иммунитеті сынға түсті. Осы мақсаттарға қазынадан бірнеше жүз миллиардтаған қаржы да бөлінуде. Басқа елдермен қарым-қатынасты шектеу, тыйым салу, жүк тасымалын қатаң қадағалау жөнінде шаралар жасалуда.
Еске салайық, өткен жылдың аяғында Қытайдан шығып, Covid-19 коронавирус инфекциясы атымен танылған бұл індет бүгінгі таңда әлемнің жүзден астам еліне тарап, бес мыңдай адамның түбіне жетіп те үлгерді. Сондықтан, қарапайым қағида ретінде әрбір адам өзінің және бүкіл отбасы мүшелерінің күнделікті тұрмыста жеке гигиеналық тазалығын сақтап, қолды қайта-қайта сабындап жуып, дезинфекция құралдарымен сүртіп зарарсыздандырып, көпшілік жиналатын жерге барудан тыйылып, кәдімгі тұмаудан сақтанғаны сияқты ауыз-мұрын қуысын инфекция кіруден қорғайтын бетперде киіп жүруге кеңес берілуде.
Адамзат тарихында ХIV, XIX және ХХ ғасырларда болған оба, қарашешек сияқты індеттерден түгел отбасы, тұтас қала тұрғындары қырылып қалған қасіретті жағдайлар да болған. Күнделікті қызметінде қауіпті індетпен бетпе-бет келіп, аурудың таралмауы үшін жанталаса күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегі ерлікке барабар. Алла оларға қуат берсін! Індеттің бастау ошағы болған Қытайда қазір ауру ауыздықталды, сәуірден бастап жаһандағы жалпы ахуал жақсара бастайды деген аузы дуалы ғалымдардың болжамы бар. Ал, әлеуметтік желі қолданушыларының көбі «тәжтажал» деп қазақшалап алған бұл індеттің шығу көзі, таралуы, одан сақтанудың жолдары жайында өтірік-шыны аралас әңгімелер желдей есіп, қауесет дегенің қаптап жүр.
Қандай қиындық тап келсе де, ресми дерек көздеріне ғана сеніп, тастүйін тәртіпке бағыналық, арандауға, абдырауға жол бермей, сабыр мен сақтыққа, ауызбіршілікке жүгінелік. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорының жеткілікті мөлшері бар. Бұл мәселе үкіметтің және жергілікті әкімдіктердің жіті назарында деп сеніп отырмыз.
Ел Президенті кеселмен күрестің барлық шаралары жоғары деңгейде жүргізілетіндігін айтты. Бұл, әрине, сенімді нығайта түседі. Коронавирустің жаппай таралуына жол бермей, одан барынша сақтанып, адамзат баласы басына түскен тосын қатерді жеңіп шығу үшін жасалатын іс-әрекеттерге бәріміз бір адамдай аса жауапкершілікпен, ауызбіршілікпен атсалысайық, ағайын!
Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ