Коронавирус инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда маңғыстаулықтар қайда көмекке жүгіне алады?
Медициналық сақтандару қорының мәліметінше, ҚР азаматтары өздігінен короновирус індетіне анализ жасай алмайды. Сараптама қажеттілігін дәрігер анықтайды.
— Егер сізде немесе сіздің таныстарыңызда коронавирустың белгілері байқалса, сіз 1406 байланыс орталығынан кеңес ала аласыз немесе 103 нөміріне қоңырау шалып, жедел медициналық бригаданы шақыра аласыз, — делінген қордың Facebook парақшасында.
Коронавирустың белгілері қандай?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, коронавирус жұқтырған адамда алдымен температура көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болып, тыныс алуы қиындайды.
— Атаулы белгілер пайда болғанда дереу жедел жәрдем шақырыңыз немесе күні- түні жасайтын call орталығына 1406 нөмірі арқылы қоңырау шалыңыз, — деп министрлік тағы да ескертеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 13 адамнан коронавирус індеті табылды. Олардың екеуі Нұр-Сұлтанда, қалғаны Алматыда карантинде жатыр. Елде төтенше жағдай режімі орнатылды. Үлкен сауда орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер жұмыс жасамайды. ҚР азаматтарына халық көп шоғырланған жерге бармай, барынша үйде отыруға, сондай-ақ қолды жиі жууға, бетперде киіп жүруге кеңес берілді.
Арай ЖАУПЕРОВA