Маңғыстаулық инспекторлар итбалықтың күшігін құтқарып қалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Түпқараған бөлімінің инспекторлары рейд шарасын жүргізу барысында Каспий теңізінің жағалауынан жараланған итбалықтың күшігін тауып алып, Ақтау қаласында орналасқан "Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығына" жедел түрде жеткізген.
Жараланған итбалықтың жасы шамамен 3 айлық, ұрғашы, ұзындығы 95 сантиметр, кеуде қуысы 64 сантиметр, салмағы 13 келі екені айтылады.
"Мамандарының бақылауы бойынша итбалық балықшылардың құрған ауына түсіп, дене жарақатын алған.
Бүгінгі күні теңіз сүтқоректісі орталық мамандарының жіті бақылауында. Қалыпқа келгеннен кейін табиғи ортасына қайта жіберілетін болады", - дейді Сәкен Ділдахмет.