Құрметті маңғыстаулық кәсіпкерлер!
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аумағында енгізілген төтенше жағдайға қатысты үндеуін жариялап, Жарлыққа қол қойды.
Қазір бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде және бұл дерт біздің елімізде де тіркелді. Осыған орай, бүгінгідей төтенше жағдай уақытында облысымыздағы орта және шағын бизнес өкілдері мына мәселелерге баса назар аударып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауына шақырамын.
1. Қоғамдық көліктер мен ғимараттарда тұрақты түрде санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар ұйымдастыру;
2. Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеу уақытын санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып сағат 10:00–18:00 аралығында белгілеу. Ал, азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен базарлар күшейтілген қауіпсіздік шараларымен күнделікті режимде жұмыс жасайтын болады.
3. Мүліктік базарлардың жұмысына шектеу қою, нақтырақ айтқанда жұмыс кестесін сағат 11:00 – 17:00 аралығында белгілеу;
4. Сауда орталықтарындағы кинотеатр, театр, көрмелер, ойын-сауық, фитнес орталықтары мен тренажер залдар, түнгі клубтар және өзге де адам көп жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату;
5. Азық-түлік тауарларының, дәрі-дәрмек бағаларын тұрақты ұстау және өсіруге жол бермеу. Бұл аса мән беруді қажет ететін мәселе.
Ерекше ескертетін жағдай, қазіргі таңда облысымызда азық-түлік қоры жеткілікті. Бұл бағытта тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорына тиісті қаржы бөлінді.
Құрметті кәсіпкерлер!
Жоғарыда қабылданған іс-шаралардың барлығы - азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Сондықтан, енгізілген шектеулерді әрбір кәсіпкер түсіністікпен және жауапкершілікпен қабылдайды деп сенемін. Сіздерді мүмкіндігінше халықпен бірге болуға және қолдау көрсетуге шақырамын. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады.
Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығатын боламыз!
Маңғыстау облысының әкімі
С.Трұмов