©
Жақында Ақтау қаласында Қашаған Күржіманұлының шығармаларын жинақтаған "Өзімнің атым - Қашаған" кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесерге бірқатар әдебиет майталмандары, зиялы қауым өкілдері мен өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында күйші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова да болды. Астанадан арнайы келген өнер иесі - "Қашаған" толғауының авторы. 27 жылдық ғұмыры бар күй Қашаған ақын аян бергеннен кейін дүниеге келіпті. Толығырақ күйшінің өзінен сұрадық.
- Қашағанға арнаған күйіңіздің тарихын айтып берсеңіз? Күй қалай туды?
- 1991 жылы Қашаған бабамыздың туғанына 150 жыл толды. Мерейтойға орай Маңғыстауда үлкен шара өтті. Ол шараға Торғай облысынан делегациямен мен де келдім. Тіркеуден өтіп жатқанда тіркеуші жігіт «Мұздаханова Анар сіз бе? Күйшісіз бе?» деді.
-«Иә».
–«Күйден байқау болайын деп жатыр. Неге қатыспайсыз?» деді.
Ойланып қалдым. Мен мұндай байқау өтетінін естімеппін. Делегациямен жай ғана концертке қатысуға келген адаммын ғой негізі. «Қатысайын» дедім.
- Ол кезде сіздің Қашағанға арнаған күйіңіз бар ма еді?
- Жоқ, ол кезде күй шыққан жоқ. Байқауға 40 шақты күйші қатысты. Ақтық сында 14 адам қалдық. Бас жүлдені Роза Айдарбаева апайымыз иеленді. Одан кейінгі орынды мен алдым. Қазылар алқасында Фариза апамыз, Әбіш ағамыз сынды мықты кісілер отырды. Сонда адай халқына риза болғаным, шалғайдан келген бізге қолпаштап, құрмет көрсетті. Сахнаға ақшаға дейін шашты. Мәселе ақша лақтыруында емес, көңілде ғой. Сезімдерін қалай білдірерлерін білмей... Керемет риза болдым. Сондай бір жоғары деңгейдегі концерт болды. Сөйтіп үш турдан өтіп, соңғы кезеңге келгенде түс көрдім. Әрнәрсенің себебі болады ғой. Түсіме Қашаған бабамыз еніп, «Балам, мына әуенді жаттап алшы» деп әуенді ыңылдап айтты да жоқ болып кетті. Жанымда Жадыра Құтжанова деген керемет ақын бар еді. Айтыскер ақын, ақындар айтысында бірінші ақ боз ат мінген қыз. Соған көрген түсімді айтып бердім. Ақындар сұңғыла халық қой: «Анар, сен күй шығаруың керек. Бұл әуенді текке беріп тұрған жоқ саған. Күй шығарсын дегені» деді.
- Әуен жадыңызда тұр?
- Иә. Ойыма қайта-қайта келіп тұр. Отырып, қолыма домбырамды алғанда бірден туды. Таңертең сағат 10-да шығардым, 11-де финал басталды. Сонда осы толғауды орындадым.
- Ол байқау қандай жанрларда өтіп еді?
- Ақындар айтысы, мүшайра және күйшілердің сайысы өтіп жатты.
- Байқауда орындайтын шығармаларды алдын-ала өткізіп қоймаушы ма еді? Өз күйіңізді тартамын дегенде рұқсат берді ме?
- Мен бәрін айтып түсіндірдім. Сөйтіп күйді орындап, жүлделі болып қайттым. Артынан үйге келген соң әкем күйімді тыңдап, талдап берді. Ол кісі - Айтбай Мұздаханов деген Қазақстанға белгілі күйші. Қашаған жырау жоқшылықты, қиындықты көп көрген адам ғой. Сөзі түйеден түскендей болса да, өзі сондай жұпыны, жарлы өмір сүрген деп үлкен кісілер айтып отырады. Күйді тыңдаған соң әкем: «Анар, мына күйің сөйлеп тұрғандай, «Қайран да кеткен Қашағаным» деп тұр ғой» деді.
- Қашаған ақынның өмірімен, шығармашылығымен қашаннан таныс едіңіз? Аян бергеніне қарағанда бір байланысыңыз болып тұр ғой.
- Сол мерейтойға келгенімізде бізге ақын туралы кітап берді. Қонақүйде кітапты оқып, жыраудың өмірімен, туындыларымен танысып шықтым. Ерекше әсер алдым, жыраудың өмір жолы қатты толғантып, артынша күй де туды.
- Өзге де тұлғаларға арнаған күйлеріңіз бар ма? Жалпы өзіңіз шығарған қанша туындыңыз бар?
- Ең алғаш «Естелік» атты күйімді әкеме шығардым. 37 жасында әкем оң қолынан айырылып қалды. Цехта қызмет ететін, апппараттың салдарынан оқыс жағдай болды. Оның үстіне күйші адам, өзіңіз ойлаңызшы. 5-6 сынып оқитын кезім. Қазір ол кісі домбыраны қолына сым орап ойнайды.
- Әлі де күй ойнай ма?
- Иә, қазір 76 жаста. Алғашқы күйімді сол кісіге арнадым. Екінші Қашаған жырауға, одан кейін ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ – Тоқтар Әубәкіровке «Самғау» атты күй шығардым. Одан кейін «Тәуелсіздік» атты күйім бар. Жалпы мен күйді тұлғалар туралы оқиғалар, тарихи жайттар әсер етіп шығармасам, арнайы ойланып-толғанып немесе нотаны шұқып отырып шығара алмаймын. Мысалы, Қашаған жыраудың кітабы керемет әсер етті. Ішіндегі сезімін, ашу-ызасын, жай-күйін жырмен жеткізген адам ғой. Басқаша қалай жеткізеді? О заманда теледидар, ғаламтор жоқ, өнер адамдары ауыл-ауылды аралап жүреді. Дегенмен ол кісінің жырлары бүгінге дейін жетті.
- Қазір қандай қызметтесіз?
- Астанада Мемлекеттік академиялық филормонияда Қазақ ұлт аспаптар оркестрінде күйшімін.
- Шәкірттеріңіз бар ма?
- Құдайға шүкір, бар. Бірақ мен оқу орындарында, мектептерде сабақ бермеймін.
- Жалпы сіздің ойыңызша жастардың күй өнеріне деген көзқарасы қандай?
- Әркім әртүрлі пікір айтады. Бірақ күйге көзқарас жаман емес. Қазір қай жерге барсам да «Баламды домбыраға бердім», «Баламның домбырадан мұғалімі келіп сабақ оқытайын деп жатыр» дегенді жиі естимін. Оның өзі кішкене болса да алға жылжуды көрсетеді. Қазақтың әр үйінде домбыра ілініп тұруы керек. Домбыра деген – кие. Астанада көріп жүрмін, өнер мектептеріне баратын, домбыра үйірмесіне қатысатын балалар көп. Өткенде домбыра сататын дүкенге кірдім. Бір апта бұрын тізіліп тұрған домбыраның бәрі өтіп кетіпті. Сыйлық үшін алған болар десем, өздері шерту үшін алғанын айтты сатушы. Демек қызығушылық бар. Қазір балалар ғана емес, үлкен кісілер, шетелдіктер де қызығып, үйреніп жатыр. Біздің домбырадай аспап ешбір елде жоқ. Күйді тыңдасаң, тұнып тұрған симфония ғой.
- Өзіңіз домбыраны қанша жасыңыздан бастап шертіп келесіз?
- Домбыраны 6 жасымнан серік еттім, қатты жақсы көремін. Мен өзім - егіздің сыңарымын, Серік атты бауырым бар. Әкем оған домбыра үйретіп отырғанда, мен келесі бөлмеден тыңдап өз бетімше үйренетінмін. Серік қанша үйретсе де ұқпайды (күліп). Бір күні әкем: «Ойбай, мен балама үйретіп жүрсем, қызым ойнап отыр ғой. Қызымды бағалайын, оған үйретейін» деді. Менің ата-бабаларым - күйші, сазгер болған кісілер. Солардан келген болар.
- Ал сіздің балаларыңыз күй шерте ме?
- Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым шертеді. Немерелерім бар, солардан үміттенемін.
- Әңгімеңізге рақмет!
- Сіздерге де рақмет. Ризамын. Қашаған бабамның кітабының тұсаукесеріне келіп, күйді орындағаныма, Маңғыстау жеріне келіп, тағы да қауышқаныма қуаныштымын.
- Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұқбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
https://youtu.be/F_-zLEWV74U