Қашаған Күржіманұлы

Ақтауда қазақтың ақпа-төкпе ақыны, сөз дүлдүлі, жыр жүйрігі Қашаған Күржіманұлының «Өзімнің атым Қашаған» атты толықтырылған жыр жинағының тұсауы кесілді. Оған өңірге және республикаға белгілі әдебиет өкілдері, жыр сүйер зиялы қауым, дәстүрлі өнерді дәріптеушілер, ғалым-ұстаздар, НКОК компаниясы өкілдері мен ақынның ұрпақтары қатысты.

Атап айтсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан Ұлттық Академиялық кітапхананың өкілі Әсем Сағиқызы, ҚР Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Бақыт Беделхан, Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, ф.ғ.к., ақын Оңайгүл Тұржан, ардагер мұнайшы, ҚР кен орнын алғаш ашушы Әшірәлі Бижанов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Қашаған жырау толғауы» күйінің авторы, күйші Анар Мұздаханова, «Құрмет» орденінің иегері, Қашаған атындағы ақындар мүшәйрасының жүлдегері Сабыр Адай тұсаукесерге арнайы келді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Алматыда Ә.Кекілбаев пен Ф.Оңғарсыноваға көше атауы берілді

Шара Қашаған бабамыздың «Тойбастар» жырымен ашылды. Жинақ 700 данамен жарық көрді.

Кітапқа Қашаған Күржіманұлының бұған дейін жарыққа шыққан шығармаларымен қоса кейінгі жылдары табылған өлең-жырлары, қысқа қайымдары мен ел ішіндегі естеліктер енген. Сондай-ақ ақын шығармашылығы туралы жазылған ой-пікір, тұжырымдамалар да қысқартылып берілген.

Жаңа жинақтың тұсауын НКОК компаниясы басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев пен Қашаған мұрасын насихаттауға кеңінен үлес қосып жүрген ақын ұрпағы Тұрсынғали Көшенов кесті.

— Мен өзім әдебиетті көп оқимын. Соның ішінде қарсыласының сөзін қайтадан құрап алып, өзіне қарсы жұмсаған адам – Қашекең. Таусылып сөйлеуге болмайды. Қашекеңді өлмейтін адам деуге болады. Талай жастар жырын жаттап, халық мән беріп жатыр. Өзі кетсе де шығармашылығы, мұрасы әлі жасап келеді. Мен ұрпағы есебінде сөйлеп жүрмін, дегенмен ол бәрімізге ортақ тұлға. Қазақ халқы ғана емес, әлем мойындап жүр. Облысымызда ақынға арналған көптеген игі шаралар жасалып жатыр. Міне, бүгін оның шығармаларының толықтырылған жинағы жарық көрді. Мен тұратын Құрық кентінде оның атымен аталатын мектеп бар. Үлкен қуаныштамын, оң болсын, — деді ақын ұрпағы Тұрсынғали Көшенов.

Қашаған жырлары Орта Азия, Ресей, Иран, Ауғанстан, Түркменстан мен Түркия қазақтары арасында да кеңінен тараған. Бірқатар шығармалары алғаш «Әдебиет майданы» журналында жарық көрген. «Қырымның қырық батыры» жырларын халық арасына таратқан.

— Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда теңіздегі алғашқы мұнай-газ кен орны белгілі жырау Қашаған Күржіманұлы есімімен аталады. Кен орны соңғы қырық жылдағы ең ірі және қауіпсіз түрде басқарылып келе жатқан жоба. Қазіргі таңда «Қашаған» кен орны елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосып келеді. Биыл Солтүстік Каспий жобасына 25 жыл. «НКОК» компаниясының басшылығы атынан әрі Маңғыстау тумасы ретінде Қашаған бабамыздың жаңа жыр жинағының салатанатты тұсаукесеріне қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бәріңізге бүгінгі елеулі оқиға құтты болсын, — деді жинақтың жарық көруіне қаржылай қолдау көрсеткен НКОК компаниясы директорының орынбасары Жақып Марабаев.

Жиынға келген мәртебелі меймандар мен өзге де қатысушылар сөз сөйлеп, ақын өміріне, шығармашылығына қатысты мәліметтермен бөлісті. Қашаған мен оның мұрасына көрсетіліп жатқан жанашырлыққа қолдау білдіріп, құттықтау лебіздерін арнады. Ақын Сабыр Адай жыраудың кітабын шығарып қана қоймай, Қашаған атындағы айтыс мектебінің ғимаратын салу, Алматы, Астана қаласында республикалық деңгейде Қашағанға арналған айтыс өткізуді дәстүрге айналдыру қажеттігін айтып, мұнай компаниясы өкілдеріне тілегін жеткізді.

— Өзім Қашаған бабамыздың шығармаларымен танысып отырып, керемет әсер алдым. Туындыларын алып мұхитпен теңестіруге болады. Біздің кітапхананың қорында жыраудың бірнеше кітаптары бар. Қашаған бабамыз тар жол, тайғақ кешу кезеңіндегі халықтың, қоғамның өмірін ашына суреттеген.  Бұл жинақ оқырмандар үшін таптырмас дүние деп ойлаймын. Жыраудың бұрын-соңды шықпаған өлеңдері, толғаулары да басылыпты. Бұйырса бұл туынды Ұлттық Академияның қорына түссе деген ойымыз бар, — дегенді айтты Ұлттық Академиялық кітапхананың баспасөз хатшысы Әсем Сағиқызы.

Таныстырылым аясында Қашаған шығармашылығына арналған облыстық кітапхананың кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітаптың ғылыми айналымға түсіп, оқырманмен қауышатын үлкен отауы кітапхана екені белгілі. Сондықтан Маңғыстау жұртшылығы атынан ҚР Ұлттық Академиялық кітапхана қорына «Өзімнің атым Қашаған» кітабы тарту етілді.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген: Талант ҚҰСАЙЫН, Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз