Маңғыстауда былтыр 5,7-ші сыныптар жаңартылған білімге өткен болса, биыл 6-шы, 8-ші сынып оқушылары жаңартылған білім беру жүйесімен оқуды жалғастырады. Облыста 143 мектепте 6-шы сыныпқа 11782 оқушы барса, 8-ші сыныпқа 10228 оқушы білім алатын болады. Бүгін Назарбаев зияткерлік мектебінде 2018-2019 оқу жылынан бастап 6-шы, 8-ші сыныптардың жаңартылған білім мазмұнына көшу мәселесі талқыланды.
Жиынға облыстың әр аймағынан жиналған педагогтар қатысты. Оларға жаңартылған білімге көшу мәселесіне қатысты түсінік берілді. Шеберлік орталығының тренерлері ұстаздарға әр түрлі тақырыптағы шеберлік сабақтары мен семинар-тренингтер өткізді.
«Білім мазмұнына орай биыл 6,8-ші сыныптар жаңа бағдарламамен оқиды. 2015 жылы 30 пилоттық мектеп жаңа бағдарламасы апробациядан өтті. 2021 жылға дейін жаңартылған жаңа мазмұн бойынша Қазақстан толықтай кіреді деп отырмыз. 24 тамыз күні Ақтаудағы №11 Физика-математика мектебінде жаңартылған білім мазмұны бойынша түсінік беру, бағдарламамен таныстыру, оқытатын мұғалімдерге шеберлік сабақтар өткізу, әдістер алмасу жөнінде 3-ші сыныптар үшін облыстық секциялық отырыс болды. Маңғыстау облысынан 405 мұғалім қатысты»,- деді Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Қатира Боранбаева.
Жиынға 600-ден астам мұғалім жиналды. Олар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша өткізілді.
«Облыста білім мазмұнын насихаттайтын 26 жетекші мектеп бар. Олар жаңартылған білім мазмұны бойынша түсінік беретін алаңдар. Биыл білім бөлімдерінің немесе әдістемелік орталықтардың жанынан білім мазмұнына байланысты түсінік беретін алаңдар ашу көзделіп отыр. Қазан айында шеберлік сабағынан өтпеген мұғалімдер қосымша оқытылады», - деп жоспарларымен таныстырды Қатира Боранбаева.
Оның айтуынша, семинардың мақсаты - Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі іс-тәжірибені қарапайым мектептерге алып бару. Мұғалімдерді жаңа оқу жылына дайындау, жаңа оқу жылына көмек беру мақсатында секциялық жұмыстар өткізу. Маңғыстау облысында биыл 2400-дей мұғалім біліктілікті және педагогикалық шеберлікті арттыру орталықтарында жаз бойы оқытылды. Олардың ішінде басшының орынбасарлары, тәрбие жөніндегі орынбасарлар, мектеп координаторлары да бар. Жалпы облыста 134 мектеп басшылары дәріс алған. Енді қараша айында білім бөліміндегі басшылар, әдістемелік оқу басшылары шеберлік сабақтарынан өтпек.
«6,8-ші сыныпқа келген оқушыларды жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытуды әрі қарай жалғастырамыз. Тамыз кеңесі өз дәрежесінде өтіп жатыр деп ойлаймын. Жаңартылған білім мазмұны бойынша курстан мұғалімдер өткенмен, сабақ жоспарындағы қиыншылықтарда тәжірибелі ұстаздар тәжірибесімен бөлісіп, көмектерін беріп жатыр. Балаларда қанша дегенмен өзгеріс бар, даму бар. Сабақтың өзінде балалар бірін-бірі бағалайды. Жеке пікірінің қалыптасуына көмегін тигізеді. Өмірде алған білімін әрі қарай қолдануына септігін тигізеді», - деді Мұнайлы ауданы №5 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мая Жанбаева.
Тамыз кеңесін ашқан зияткерлік мектеп директоры Ермек Серікұлы мұғалімдерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшеліктерімен таныстырды.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы білім саласының дәстүрлі кеңесі облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен 24 тамыз күні өткізілді.Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ