©
Ақтау қаласындағы «Алты құлаш әулие» қорымының маңынан жаңа заманауи үлгідегі мешіт салынады. Ол рухани-имандылық азық алатын ортаға айналуы тиіс. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов осы тарихи-мәдени нысанға барған кезде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы мен өңірдің зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары, бір топ ғалымдар мешіттің жобасын талқылап, мамандар өз ұсыныстарын айтты.
«Тарихы тереңде жатқан қорымның айналасы алдағы уақытта көпшілік зиярат етіп, рухани-имандылық азық алатын ортаға айналуы тиіс. Сондай-ақ қала қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалып, негізігі туристік нысан ретінде қызмет ететін болады. Ол үшін жамағаттың демалуына ыңғайластырылып, мешіттің айналасы абаттандырылуы тиіс»,- деді Е.Тоғжанов.
Алты құлаш әулие мазары сол қалпында сақталады. Тек айналасындағы қоршаулары жаңартылып, тарихтан сыр шертетін кесенеге айналады. Белгілі археолог Андрей Астафьевтің дерегіне сүйенсек, Алты құлаш әулие Х-ХI ғасырға жатады. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша облыстық мәслихат шешімімен әулие мәдени орындардың қатарына енген.
Айта кетерлігі бұған дейін 1996 жылы Алты құлаш әулиенің сырты қоршалып, кейін ескерткіш-кесене салу ісі көтерілген. Бірақ сол кезде бастама аяқсыз қалады. Осылайша Алты құлаш әулие мазарының мәселесі 20 жылдан астам уақыт шешімін таппай, қаланың қақ ортасында қараусыз қалған қоңырқай күйде болды. Талай рет ақсақалдар қауымы құзырлы мекемелерге хат жазып, қорымды қалпына келтіру туралы өтініш берген. Қазір аталған алаңда жылдар бойы жиналған қоқыс пен құрылыс қалдықтары алынып, тазарту жұмыстары жүргізілуде. Киелі қорым басына арнайы барған зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары батасын беріп, ақ тілектерін жеткізді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60152,60151,60150,60149,60148"]