Халықтың ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қолжетімділігін арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға баса назар аудару қажет екенін Елбасы жолдауларында айтып келеді. Осы мақсатта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске қосу жолға қойылды. Бағдарлама алдағы 5 жылда барлық аумақты кең жолақты интернетпен қамтуды, кез келген тұрғынның электрондық қызметтерді қиындықсыз, еркін пайдалануын міндет етті. Осы орайда ІТ эксперт, “Timur Academy” оқыту орталығының басшысы Тимур Бектұрдың бағдарлама төңірегіндегі ойын сұрап көрген едік.
- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен таныстыңыз ба? Сіздің ойыңызша, 5 жылдың ішінде бағдарлама алдына қойған міндеттерді атқара ала ма, адамдар бұған дайын ба?
- Әрине, таныстым. Бағдарлама алдына қойған міндеттерді атқара ала ма, жоқ па, оны осы жобаның драйвері “Зерде” холдингі мен негізгі инициатор өкіметтен сұрау керек. “Адамдар бұған дайын ба?” деген сұраққа жауабым, “Әрине, дайын”. Естеріңізде болса, біз осыған дейін цифрланудың бірінші буынын басымыздан өткіздік. Ол қоғамның барлық саласын жаппай компьютерлендіру және интернетке өту кезеңі болатын. Сол кезде біздің мемлекетіміз өте маңызды екі жобаны іске қосты. Біріншісі, “Халықты жаппай компьютерлік сауаттылыққа үйрету” болса, екіншісі - “Электронды өкімет”. Халық сол кезде дайын болмады. Өйткені “компьютер күнделікті тұрмыста не үшін қажет, электронды өкімет арқылы қандай қызметтерді аламыз, соны біліп болмады. “Биліктің әдеттегі бір бастамасы шығар” деген енжарлықтың болғаны да жасырын емес. Алайда халық қазір egov-тың әдеттегі “ойыншық” емес, өте маңызды қызмет екенін көрді. Күні кеше ғана қағазбен толтырып, апталап жүретін балаға ат қою процесі бүгінде бір-ақ смс-пен шешілуде. Қазір халық технологияның маңыздылығын, интернет қызметтердің қажеттілігін біледі. Керісінше, мемлекет тарапынан кешеуілдеу бар сияқты.
- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске асырылған соң жұмысшы адамға деген қажеттілік азайып, орнын автомат басады дегенге қалай қарайсыз?
- Негізі, автоматтандыру мен цифровизация - адамдардың жұмыс орнын басады. Алайда, осы жерде акцентті “жұмысшы адам” деген сөзге түсуі керек. Яғни, қауіпті, ауыр, үнемі қайталана беретін жұмыстағы адамдардың орнын басады. Осы тұрғыдан қарағанда, белгілі бір деңгейде, жұмыссыздық болуы мүмкін. Бірақ еңбек бөлінісіндегі мұндай прогресс келесі бір жұмыстың, келесі бір қызметтің туындауына себепші болады. Сондықтан адамдар түбегейлі жұмыссыз қалмайды. Жұмыс жетеді, негізі.
- Қазіргі таңда бізде ІТ саласының мамандарына қажеттілік бар ма және ол қандай деңгейде? Бағдарлама жүзеге асқан кезде ол қажеттілік көбейе ме?
- Мен сізге айтайын, біздің елде қажеттілік тек ІТ саласының мамандарына ғана емес, барлық саладағы мамандықтарға бар. Ал нақты ІТ саласындағы мамандықтарға қажеттілік қандай деңгейде екенін білмеймін. Өйткені арнайы сараптама жасаған емеспін. Дегенмен БҰҰ арнайы агенттігі, Халықаралық телекоммуникация одағының ақпараттық коммуникациялық технологиялар бойынша даму индексінде біздің ел әлі отыз лидер елдің қатарына кірмейді. 175 елдің ішінде 52-орында тұр екенбіз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Беларусия 31-орында, Ресей 43-орында тұр. Демек барлығы алда.
- Сіз бағдарламаның қай саласы бойынша жұмыс істеп жатырсыз?
- Халықтың цифрлық сауаттылығы бағытында жұмыс істеп жатырмын.
- Цифрлық Қазақстанды сіз қалай елестетесіз?
- Негізі футурологиялық елестер көз алдыма келеді. Бірақ реалға келсек, осы “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының алға қойған межелеріне жетсек, соның өзі біз үшін жақсы көрсеткіш болар еді. Атап айтсақ:
- Сұхбатыңызға рақмет!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА