Ресейдің Магнитогорск қаласында спорт шебері Алексей Булаховты еске алуға арналған үстел теннисінен халықаралық турнир өтті. 23-25 ақпан аралығында өткен сынға Ресей, Башқұртстан, Татарстан мен Қазақстаннан 160 спортшы жиналды.
Жерлестеріміз Гөзел Торшаева мен Есенгелді Рамазанов жарыстан қанжығалы оралды. Гөзел жеке сында 2, жұптық сында 3-орын алса, Есен 2002-2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында чемпион атанды.
13 жасар Гөзел қазір Олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттың 7-сыныбында оқиды. 6 жасынан бері тенниспен шұғылданып келе жатқан талапты қыз жаттықтырушы болуды армандайды.
Есенгелді Рамазанов та Олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттың 10-сыныбында оқиды. 8 жасынан теннисті серік еткен Есенгелді спортта биік белесті бағындырып, болашақта жаттықтырушы болуды мақсат тұтқан.
Жүлдегерлерді баптап, сайысқа дайындаған жаттықтырушылары Рамазанұлы Мақатай мен Светлана Руденконың да еңбегі зор екенін айта кету керек.
Спорт шеберін еске алуға арналған турнир осымен 5-рет өтіп отыр. Алғашында оған ардагерлер қатыстырылса, соңғы үш жылда 15 жасқа дейінгі балалар бақ сынап келеді. Биылғы жарыстың ең жас қатысушысы 6 жаста.
Дәл осы жаста әкесі Алексейді тенниске әкелген. 16 жасында ол Ресейдің спорт шеберіне үміткер атанып, 39 жасында ол атаққа ие болған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер Ақтау қалалық теннис орталығынан алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49065,49063,49064,49066"]