Ақтөбеде тағы бір жолаушылар автобусы жол-көлік оқиғасына тап болды. Ақтөбеден Хромтау ауданына бағыт алған автобус ішінде барлығы 25 жолаушы болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 7 жолаушы түрлі дене жарақатын алды.
«Кеше сағат 20:40-та Самара-Шымкент тасжолында жол-көлік оқиғасы болды. Хромтау ауданының Жазық ауылы маңында автобус аударылып қалды. «Мерседес» маркалы автобустың 35 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кетіп, аударылған. Зардап шеккен 7 жолаушы Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, 18 қаңтар күні Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза болды.
Дереккөз: inform.kz