Бүгін, 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқу жүйесінде білім алып жатыр. Қашықтан оқу кезінде оқушылар онлайн сабақ оқымайды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, облыстағы 149 068 оқушыда электронды құрылғылар бар. Ал 150 771 оқушының үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігі бар.
Аймақтан 35 педагог республикалық қашықтан оқыту курсына қатысты. Мұғалімдердің ең жиі пайдаланатын платформалары mektep.edu.kz, Daryn.online, Bilimland.kz. Сондай-ақ мектеп оқушылары телесабақты «Ел арна» мен «Балапан» телеарналарынан тыңдайтын болады. Ал жазбаша түрде тапсырмалар мен жаттығуларды «Whatsapp», «Telegram» т.с.с. желілері арқылы мұғалімдермен хабарласып орындайды. «Mektep.edu» онлайн-күнделігі арқылы оқушылар мен ұстаздар арасында байланыс орнатылады.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев ата-аналарды теледидарды уақытылы қосып, видео-сабақты көру үшін балаларына барынша жағдай жасауға шақырды.
«Орындалатын сабақтың барлығы оқушылардың білім стандартынан қалып қоймау үшін және материалды толық игеру үшін маңызды, бірақ бұл сабақтың қорытындысы бойынша оқушыларға баға қойылмайды. Бұл – министрліктің шешімі», - дейді Қ.Жұмашев.
Сонымен қатар облыс көлемінде интернет желісін тарту, күшейту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда провайдерлер интернет жылдамдығын күшейтіп, интернет жылдамдығы әлсіз елді мекендерге оптикалық-талшықты желі қосылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА