Облыс бойынша барлық қалалар мен аудандарда қоғамдық көліктердің жұмысы бүгіннен бастап тоқтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Тек қана Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының арасында жүретін қоғамдық көліктерге рұқсат берілді. Бірақ, дезинфекция шараларының қатаң сақталуы тапсырылды.
Сондай-ақ, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы жеке көліктердің жүру тәртібі өзгереді. Яғни, сағат 06:00 – 09:00 аралығында және 18:00 – 21:00 аралығында ғана жүруге рұқсат беріледі.
Такси қызметтері бойынша да өзгерістер бар. Қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылғаннан кейін такси қызметімен айналысуға арнайы рұқсаты бар ұйымдарға ғана жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Такси қызметі қалалар мен аудандардың аумағында ғана және сағат 06:00 – 21:00 аралығында қызмет етуі тиіс. Алайда, бұл көліктер тек бір адамнан немесе бір отбасы мүшелерін мінгізуі қажет. Және дезинфекциялық шаралар мұқият сақталуы тиіс.
Ал Ақтау қаласы маңындағы ауылдарда тұратын медициналық ұйымдардың қызметкерлері бөлек тасымалданатын болады.