Биылғы жыл елімізге халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын жағымды жаңалықтармен енгені әмбеге аян. Әсіресе, зейнетақы мен жәрдемақы жайы жұртшылықты алаңдатқаны сөзсіз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Тілепіұлы ЕЛДЕСОВПЕН жүздескенімізде әңгіме осынау көкейтесті мәселе төңірегінде өрбіді.
-Арман Тілепіұлы, алдымен өткен жылы департамент тарапынан мемлекеттік қызметтің қандай түрі қанша азаматқа көрсетілгені туралы айтып, біткен іске шолу жасап өтсеңіз.
-Былтыр Мемлекеттік корпорация арқылы 14 мемлекеттік қызметтің түрі бойынша электронды түрде барлығы 35620 мелекеттік қызмет көрсетілген. Бұларға жеке тоқталар болсам, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау–2966; базалық зейнетақылық төлем тағайындау–3044; мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау–3296; бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау–20405; «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен, I және II дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерімен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау–793; арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау–487; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) жәрдемақы тағайындау–1029; жерлеуге арналған біржолғы төлем тағайындау–1818; инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы және зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма төлемін тағайындау немесе мемлекеттік кепілдеме–1685. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен енгізілген бала кезден 1 топ мүгедегіне күтім жасаушыға жәрдемақы тағайындау–97 болған еді. Ең бастысы, барлық қызметтер уақытылы және сапалы көрсетілді. 2019 жылы азаматтар тарапынан да мемлекеттің қызметтің көрсетілуіне қатысты шағым түспеді. Бұл—қызметкерлердің өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауынан қол жеткен үлкен қажырлы еңбектің нәтижесі. Жалпы әлеуметтік саланың қызығы мен шыжығын қатар алып жүрген барлық әріптестеріме басымды иіп, алғысымды білдіремін. Қазыналы қарт пен ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың көңілінен шығу кез келгеннің қолынан келетін оңай шаруа емес.
-Үстіміздегі жылы зейнетақы және жәрдемақы мөлшері қанша пайызға өсті және бұл өзгеріс облысымыздың қанша тұрғынын қамтиды деп ойлайсыз?
-2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерінен 7% арттырылды. Ал мүгедектігі мен асыраушысынан айрылған жандарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты өсті. Маңғыстау облысы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы және жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін арттыру бойынша 169 013 іс құжат бекітілді. Барлық төлемдер автоматты түрде жүргізілді. Бірде бір іс құжат қараусыз қалмады.
-Біраз уақыттан бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің шешімі, ең елеулі жаңалықтың бірі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы отбасыларға төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілгені белгілі. Осы орайда біздің өңірімізде қандай іс шаралар атқарылғанына тоқталсаңыз.
-Біріншіден, аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп қабылданды. Екіншіден мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 (16,03 АЕК) теңге, 5 балаға 53127 (20,04 АЕК) теңге, 6 балаға 63 757 (24,05 АЕК) теңге, 7 және одан да көп балаларға 74388 (28,06 АЕК) теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10626 теңге. Аталған жәрдемақы түрімен облысымыз бойынша 25 мыңнан астам отбасын қамту жоспарланған. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша филиалы және оған қарасты қалалық, аудандық бөлімшелерімен бірлесе отырып, кеңінен бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Аталған жәрдемақыны тағайындау үшін өтініштерді қабылдау 2019 жылдың 27 қарашасынан басталды және қазірге дейін жалғасын табуда. Облыс көлемінде 2020 жылғы 13 қаңтардағы жағдай бойынша 24799 жәрдемақы алушы бар. Оның ішінде 13365 арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыға автоматты түрде жаңа жәрдемақыға ауыстыру жүргізілді. Жаңадан тағайындау бойынша 8259 өтініш тіркелген, оның 7844 өтініші қаралып төлемге қойылды, ал 3794 алушыға отбасы құрамы өзгеруіне, яғни балалар саны өзгеруіне байланысты жәрдемақы мөлшері қайта есептелді. Бұл жұмысты атқаруда да Халыққа қызмет көрсету оталықтарында халықты көптеп шоғырландырмау мақсатында барлық жұмыс автоматты түрде жүзеге асырылды. Нәтижесінде қаңтар айында барлық көпбалалы ана өз жәрдемақыларын уақытылы алды. Облысымыз бала туылу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда екенін ескерсек, бұл көмектің маңызы зор екені түсінікті.
-Мүгедектердің ғимараттарға кіріп-шығуы ыңғайлы болуы үшін пандустар, дыбысты дабылдар, автокөлік қоятын орындар сияқты мүгедектерге қолжетімді жағдайлардың болмауы да көптен айтылып жүрген мәселе. Осы салада бақылаушы орган ретінде айтарыңыз бар ма?
-Еліміз 2015 жылы БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясын ратификациялады. Яғни мемлекетіміз өзіне Конвенцияда көрсетілген міндеттемелерді жүктеді. Сол арқылы еліміздегі ерекше мұқтаждықтары бар адамдардың жағдайын жақсарту үшін оң қадам жасалды. Аталған Конвенцияның міндеттемесінің бірі осы қолжетімділік болып табылады. Бұл міндеттеме «Қазақстан Республикасының Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында да нақты көрсетілген. Қолжетімділік мүгедек жанмен бірге қарт адамға да, баламен жүрген анаға да қажет. Мекеме басшылары осыны ұғынулары тиіс. Өзіңіз де біліп отырғандай, әзірше жағдай ауыз толтырып айтарлықтай емес. Былтыр заңнаманың сақталуына 63 тексеріс, оның ішінде 47 профилактикалық тексеріс және 16 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Департаменттің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің қызметкерлерімен 2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы соммасы 1489750 теңге көлемінде белгілі нысанға қолжетімділік жағдайы жасалмағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Тексеріс қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және орындау мерзімдері көрсетілген 47 ұсыным берілді. Бүгінде сол ұсынымдардың 16-сы орындалып, қалғандарының орындау мерзімдері өткен жоқ немесе ұзартылды. Өткен жылдарғы тексерулер нәтижесінде Ақтау қаласының әуежайы мүгедектерді тасымалдауға арналаған амбулифт алған болатын. Бұл жайттың маңыздылығын ескере отырып, үнемі бақылауда ұстаймыз.
-Облысымызда ерекше қамқорлықты қажет ететін қанша азамат тіркелген және мүгедектіктің қандай түрлері белең алып отырғанын айтсаңыз. Мүгедектіктің өсу себептерін немен байланыстырар едіңіз?
-Өте маңызды сұрақ. Өкінішке орай, соңғы жылдары мүгедектіктің динамикасы көңіл көншітерліктей болмай тұр. Бүгінгі күні облыс бойынша 27708 мүгедек тіркелген, бұл халықтың 3,9% болып отыр. Оның ішінде 1-топта–2257 адам, 2 топта–12331 адам, 3-топ–7286 адам, балалар–5834, 2018 жылды алғаш куәландырудан 2757 адам өткен болса, 2019 жылы 3094 адамды құрап отыр. Республика деңгейінде көрсеткіш жоғары болып тұр. Мүгедектіктің өсуі нозологиялық себептері бойынша ересектер арасында ең көп тараған қанайналым жүйесі аурулары, қатерлі ісіктер, дәнекер, сүйек-бұлшық ет жүйесі аурулары болса, балалар арасында туа біткен ақаулар, нерв жүйесі аурулары, психикалық ауытқулар алғашқы орында екені байқалады. Ал мүгедектіктің өсу себептерінің бірі—мүгедектіктің алдын-алу шараларының өте төмендігі дер едім. Бұл себептің ішіне қолжетімді оңалту орталықтарының жоқтығы, мамандар жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтудың сапасыздығы, туа біткен ақауларды нақтылаудың төмендігі де кіреді. Облыс әкімінің мүгедектер жөніндегі кеңесшісі В.В.Трифоновтың қатысуымен аудандарда дәрігерлік консультациялық комиссия және аудан ауруханаларының бас дәрігерлерімен кездесулер өткізіліп, осындай өткір мәселелер айтылып пікір алмасылды. Сонымен бірге облыс әкімінің аппараттық жиналысында да көтерілді. Үстіміздегі жылы тәуелсіз сарапшылармен ретроспективті талдау жасалып облыстағы мүгедектіктің өсу себебін нақты анықтау көзделіп отыр.
-Әлеуметтік сала жаңалығы кімді де болса алаңдатпай қоймайтыны белгілі. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстары қандай деңгейде жүзеге асып жатқанын айтып өтсеңіз.
-Былтыр үлкен мобильді топ құрғанбыз. Оның құрамына бірнеше әлеуметтік сала мекемелері кіреді. Мұндағы басты мақсат—облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде және ұйымдармен кездесіп, әлеуметтік еңбек саласында жүргізіліп жатқан жаңалықтарды халық арасында түсіндіру, әлеуметтік саланың жаңашылдықтарымен бөлісу. Сол шаралардың нәтижесінде 800 адам ақпараттық-насихаттау жұмыстарымен қамтылып, өткізілген 7 ашық есік күндеріне 211 адам қатысып, жұмыспен қамту, мүгедектерді әлеуметтік қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету және міндетті медициналық қамсыздандыру және біріңғай жинақтық төлем мәселелері бойынша 253 сұраққа жауап бердік. Бірнеше ұсыныс тілектерді министрлікке жолдадық. Қарапайым тілмен айтқанда ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының ақ батасын жинап келдік. Биыл да аталған жұмыстар жалғасын табады деген сенімдеміз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА