Құсбегілік – қазақ халқының ежелден келе жатырған дәстүрлі өнері. Кіндігі кең дала төсінде кесілген қазақ халқы бағзы заманнан табиғатпен етене байланыста өмір сүрген. Дарқан пейілді салқар сахара халқының қоршаған табиғи аямен біте қайнасқан тұрмысы, өмір сүру салты таңғажайып ұлттық үлгідегі дүниелерге толы. Соның ішінде аңшылық дәстүр мен саятшылық өнердің орны айрықша. Ертеден-ақ ел арасында ұлт мәдениетінің алтын тініне, ұлттық өнердің қасиетті қазығына баланған - жан-дүниесі әуезді ән, жауһар жырға бай, күміс көмей, жез таңдай, өнерпаз да сырбаз сал-серілер де саят құрған, болмыс-тұрқы бөлек жүйрік жаратып, қыран текті қырағы құс ұстап, құмай тазы баптаған. Қазақылық қаймағы бұзылмаған киелі Маңғыстауда күні бүгін де бабадан балаға рухани мұра болып беріліп келе жатырған бекзат өнердің құндылығын жоймауына септесіп, ғажайып дәстүрлі өнердің тарихи тағылымын келер ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген елжанды азаматтар бары қуантады. Сондай азаматтардың бірі бүгінгі күні құсбегілік өнерді кәсіби деңгейде игеріп, жас буынды баулуға білек сыбана кіріскен бапкер Айшуақ Таймановпен сұхбаттасу сәті түсті.
- Айшуақ аға, құс баптап саят құруға қызығушылығыңыз қай жасыңыздан басталды? Құсбегілік өнерге баулыған ұстаздарыңыз кімдер?
- Ат баптайтын адамды сейіс дейміз, қыран құсты қолда ұстаған жанды құсбегі дейміз. Құс ұстаумен айналысқаныма бес жылдың төңірегі болды. Алғаш 27 жасымда қыран ұстадым. Арғы атам Айдарбай, кәкем Тайман, әкем Асылжан да ертеректе қақпан соғып, жүйрік тазы жүгіртіп, аңға салған. Туған ауылым Тұщыбекте құсбегілікпен айналысатын Мереке Өтеуғалиев, Өтежан Сәбетов, Ертіс Есжанов есімді азаматтар бар. Осы алдымыздағы ағалардан көріп, бүркітшілікке ден қоя бастадым. Одан бұрынырақта қақпанмен аң аулайтынмын. Қан тартпай қоймайды екен. Бес жылда көргенім де, көңілге түйгенім де мол, жетістіктерім де бар. Халықаралық, республикалық, өңірлік жарыстар мен турнирлерде жүлделі орындарды еншіледік. Биылдан бастап облыстық ұлттық спорт түрлерінің орталығына қызметке орналастым. Бір кездегі облыс әкім Ералы Тоғжанов, облыстық ат спорты клубының директоры Қанағат Сүйеубаев қолдауымен құсбегілік өнерді дамыту мақсатында арнайы клуб құрылды. Қазіргі таңда клубта 15 шақты шәкіртім бар.
- Ең алғаш баулыған құсыңыз қандай?
- Ең алғаш қолға баулыған құсым – қырғи. Қазақта «қырғидай тиді» деген сөз тіркесі бар. Өте өжет, өткір, алғыр қаршығатектес құс. Қаршығадан дене тұрқы кішілеу. Қырғиды түзден ұстап, қолға баулыдым. Көктем түсе мамырда Орталық Қаратаудың солтүстігіндегі Ақмыш сайынан бүркіт балапаны қолыма түсті. Ұядан ұшып шыққан қанаты қатпаған балапанды екі сағат бойы қуалап жүріп, әбден қалжыратып, қолға түсірдім. Бүркітімді баулып, 2017 жылы «Адай ата –Отпантаудың» қарама-қарсы бөктерінде өткен жарыстан үшінші орынды иеленді. Жалпы кез келген жетістік тәжірибемен келеді. Алдыңғы буын ағаларымыздан білмегенімізді сұрап, түсінбегенімізді ұғынып жүремін. Осы тұста жарыстарға жиі қатысудың пайдасы зор. Себебі алыс-жақын елдер мен өңірлерден жиналған құсбегілермен танысып-білісесің, құс баптау, қолға үйрету, аңға баулу амал-тәсілдерінен құлағдар боласың. Көп мағлұматты көңілге тоқисың.
- Қыран құстар қандай түрлерге бөлінеді? Түр-тұлғасы мен жаратылысындағы айырмашылықтары және оларды баптаудың ерекшеліктері қандай?
- Бүркіттен бастасақ. Бүркіт қолға үйретілуіне байланысты екі түрге бөлінеді. Ұядан алынып, аңға баулыған бүркітті «қолбала бүркіт» деп атаймыз. Аң қағып, далада жүргенімен торға түскен бүркітті «түз бүркіті» дейміз. Түз бүркітін қолға көндіктіру, иесіне бауыр бастыру машақаты зор аса ауыр жұмыс.
Түз бүркіті қолға түскен бойда құсбегі аяғына балақбау салып, көзіне томаға кигізеді. Қараңғы жерге алып келіп, аяғын мықтап байлап, томағасын айыру қажет. Себебі сен оның далада жүріп не жегенін білмейсің. Қоян етін жүнімен жесе ол қорытылмай, құсуы мүмкін. Томағасын кидірсең, қалдықты құса алмай «құса» деген дертке ұрынады. Жемсауындағы қалдық ет шіриді. Ет қорытылмай тұрса аузына түтік салып, су құйып қояды. Су жемсаудағы азықты қорытады. Ертесіне құстың томағасын кигізіп, сылап-сипап, ырғаққа, яғни тербелмелі бесік етіп байланған ағашқа, отырғызып, тербейді. Мен бүркітімді бес күн бойы тербеттім. Иесі неше күн болса да құс әбден қалжырап, қарсылығын қойғанша ерекше ықылас танытып, дауыс шығарып, бірге болуы міндетті. Бұған әрине ерен ерік күші, аса төзімділік қажет. Ұйқы қысып, аштықтан қажыған құсқа жемді қолдан беріп, одан соң біртіндеп бауыр бастырып, қолға қонуға баулу - иесімен байланыс орнатудың бірден-бір тәсілі. Өз басым екі айдың ішінде қолға толықтай үйреттім.
Түз бүркіті аса алғыр әрі тегеурінді, аңшылыққа бейімі күшті болады. Себебі ол түзде емін-еркін өскен, табиғи қауіп-қатерді еңсерген, қырағы әрі алымды. Бірақ кейде түзде түлкіге есесі кеткен кей бүркіттер қанша қайрасаң да түлкіге түспей қояды. «Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі» қыранға осал жау емес, әрине. Ал ұядан алынған бүркіттің өміріне тікелей иесі жауапты. Оны үйге алып келгеніңмен, әбден жетілдіру, түлету, ұшатын уақыты келгенде қыс мезгілінде шаршатпай ұшырып, қолға ұстап, қоян мен түлкіге түсіріп үйрету керек. Қазақта «Талдан таяқ жас бала таянбайды, бала бүркіт түлкіден аянбайды» деген өте жақсы сөз бар. Қолбала бүркіт қатерден қаймықпай, түлкіге тура шүйлігеді.
Бүркіт жайлы айта кетер тағы бір дүние кез келген тіршілік иесі аналығы, аталығы болып бөлінеді. Бүркіттің аталығын «шәулі», «бұқатана», «сарша» деп, ал аналығын «ұябасар» деп атаймыз. Ұябасар шәуліге қарағанада тұрқы ірі, тегеурінді, алымды болып келеді. Табиғатта бүркіт жұбымен бірлесе аң аулайды. Бірі жемтігін қақпайласа, өзгесі бүріп алады. Құсбегілер көбіне бүркіттің ұябасарын қолға баулиды.
Ғалымдар дерегіне сүйенсек, бүркіт аса қырағы келеді. Оның көзі адамнан 7-8 есе артық көреді екен. Көк тағысы 3 шақырым жердегі қылт еткен тышқанды қалт жібермейді. Қыран құстың жасына қатысты деректер де әр алуан. Бірі бүркіт ең ұзағы 120 жыл өмір сүреді дейді. Ауыл ақсақалдары бүркітке көп болса 50 әрісі 60 жыл ғұмыр береді. Қолда ұсталып, қайырылған бүркіт ағзасына түскен күштен қысқа ғұмыр жасауы әбден мүмкін деп ойлаймын. Дала қыраны мен адам қолындағы бүркіттің айырмашылығы бар. Себебі дала бүркіті дене тұрқын бір күйі ұстайды, босқа ұрынбай, аңға ашыққан да ғана түседі. Ал қолбала бүркіт күнде аңға дайын жүреді. Қанша дегенмен денесіндегі майын аласың, өңкей етін қалдырасың. Бұның өзі құс ағзасына әсер етуі мүмкін. Жалпы ата-бабамыз бүркітті 12 буынға бөлген. 1 жаста балапан, 2 жаста қан түбіт, 3 жаста тірнек, 4 жаста тас түлек, 5 жаста мұзбалақ, 6 жаста көктүбіт, 7 жаста қана деп атаймыз. Қана деуіміздің себебі осы кезеңде бүркіттің жыныс мүшесі, сезімі толықтай пісіп жетіледі, жұп құруға дайын болады. Одан әрі 8 жаста жана, 9 жаста май түбіт деп, 10 жаста барқын, 11 жаста баршын, 12 жасында шөгел деп кете береді. Бұл тұста ескере кетер дүние, әр өңірдің өзіндік табиғи ерекшеліктері мен құстың түр-тұлғасы мен дене тұрқына байланысты әр түрлі атаумен аталады.
- Бүркіттің ең адуынды әрі қырағы кезі қай кезең?
- Балапан шағында адам баласы құсап аңғалдау, әр нәрсеге ұрына береді. Түлкіге түскенде аяғын алдыртып қояды. Бір жастан екі жасқа қараған шағында тірнек, тастүлек кездері күш-қуаты әбден толыққан кемел кезі. Жігері жалындап тұрған жастық шақ секілді. Ата-бабамыз 12 буыннан кейін қыранды өз еркіне жіберген. Табиғатпен етене байланысы орнатып, сол ортаға толықтай бейміделгеннен кейін жұп құрып, ұрпақ көбейтуіне мүмкіндік берген.
- Қыран құсты қоректендіру жағы қалай?
- Бүркіттің басты азығы – түлкі, қарсақ, қоян еті. Аң аулаймын, арнайы сойылған жылқының етімен қоректендіремін. Жылқының етімен баптау дұрысырақ. Ешкінің, түйенің, өлген сиырдың етін бермеймін. Себебі сиырдың етінің ішінде жел, яғни су болады. Құстың өкпесін қабындырып, ішкі құрылысын суық алады. Сол себепті көбіне жылқының етін кесектеп турап, баппен беремін. Жем берудің де әр алуан әдіс-амалы бар. Жылқы етін бір суға салып шайып берсең, еттің құнары алынады. Оны «бозжем» дейді. «Ақ жем» дегеніміз етті қуырдаққа ұқсатып турап, суға салып беру. Қыран жемге тойғанымен, семірмейді. Бұл құстың салмағын бір күйде ұстап тұру үшін қажет амал. Ақ жеммен күнде, шамадан тыс азықтандыруға болмайды. Құс қанатын сабалап, ұша алмай қалуы мүмкін.
Бүркіттің негізгі қарсыласы – түлкі. Қыран құстың қырағылын байқау үшін де оны қасқырға, шибөріге салады. Кейбір бүркітті қанша қайырсаң да шибөріге жоламайды. Ал бірі қасқырға да, шибөріге де түсе береді. Құстар да адамдар секілді. Мінезді, рухты жігіттер болады, жігерсіз, жасықтар да бар емес пе?!
- Әр өлкенің өзіне тән табиғаты, климаты бар. Маңғыстауда қандай жыртқыш құстар мекендейді?
- Маңғыстаудың бүркіттері ойдың бүркітіне жатады. Қанаты, құйрығы қысқалау. Алатаудың мұзбалағы, Алматының ақ иығымен салыстырғанда біздің құстардың дене тұрқы ықшам, жүні жатыңқы. Десек те қырағылығынан қаймықпайды. Жылдамдықтан да дес бермейді. Біздің бүркіттер қарсақ та, қасқырды да іледі.
Ителгі, сұңқар, лашын, күйкентай, жағалғы, бөктергі бәрі сұңқартектестерге жатады. Қазақты қолда ұстағаны көбіне-көп лашын мен ителгі. Ықшам денелі, қауіп-қатерден жасқанбайтын, биікке самғайтын лашын ұшқан құстарды әуеден алып түседі. Бұлардың аң аулау мәнері бөлек. Аң ілуіне байланысты құстар өзара бөлінеді. Бүркіт аса тегеурінмен аңды бір аяғымен бүріп, омыртқасын үзіп, жабысқан күйі айырылмайды. Ал лашын аңды теуіп, бел омыртқасына, арқасына, бас сүйегіне зақым келтіріп, әбден сілекпесін шығарып алады. Ителгі көктен де іледі, жердегі кеміргіштерге де бас салады. Аса епті, оралымды, әмбебап құс. Өзі қорек ететін құстарды көзілеспес жылдамдықпен іліп түсіреді. Тегеурінмен тепкенде құстың топшысын үзіп түсіреді. Сол себепті көбіне ителгі де ұстаймыз.
- Бүркіттен басқа қолыңызда қандай құстар бар?
- Қаршыға құсын ұстадым. Бұл құс қаршыға тектестерге жатады. Қаршыға көбіне орманды жерлерде өмір сүреді. Көктем айында солтүстіктің орманды алқабында, таулы аймағында ұя салады. Күн суытқанда, жылы жаққа ұша бастайды. Құстар қайтқан мезгілде Маңғыстаудың үстімен ұшып, оңтүстік жаққа қарай бағыт алады. Қараша-қазан айларында біздің ауылдың үстімен өтеді. Қалың бұталы ағашты мекен етеді. Арнайы тор құрып ұстап, қолға баулып, аңға саламыз. Қаршыға аса алымды, кезеген көк тағысы. Ұшқан құсты қағып түседі. Өте шебер әрі оралымды ұшқандықтан олжалы құс болып есептелінеді. Қаршығаның қыраны қарсақ та алады деген сөз бар.
Қазіргі таңда қолымда 3 құс бар. «Тастүлек» деген бүркітім, «Маңғыстау» деген қаршығам, «Ақбалақ» деген сұңқарым бар.
- Атадан балаға мұра боп жеткен өнерге баулып жүрген шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз?
- Биылдан бастап оқушыларды жарыстарға апара бастадық. Ынталы, құсбегілік өнерге икемі зор жас буын қалыптасып келеді. Шәкіртім Ержан Сахарбай жуырда ғана Батыс Қазақстан облысында өткен «Жайық қыраны-2020» құсбегілер арасындағы республикалық турнирде ителгі, бүркіт, қаршығамен үшінші орындарды иеленді.
Былтыр қазан айында С.Сейфуллиннің 120 жылдығы аясында Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы мекенінде өткен халықаралық турнирде қаршыға құсымен екінші орынға қол жеткізген едім.
- Кәнігі құсбегілер қыран құстың сырт тұлғасына қарап оның ептілігін дөп басып айтқан деседі ?
- Аушы құстардың дене-тұрқы, сүйек қаңқасы, қанат-құйрығы, топшысы мен тұяғы, тұмсығы мен мамығына қарап оның ептілігін, қырағылығы мен адуынын бажайлай білген. Аяғына қатысты қожыр аяқ, садақ санды, серке санды, шоқпар санды деп бөлсе, топшысы алға итерле біткен бүркітті ұшқыр болады деседі. Тұрқы ұзын, домалақ құстар болады. Қыран құстың жаманы жоқ. Иесі мен бабына байланысты. Құстың басына қарап бақа бас, жылан бас деп те атайды. Көзіне қатысты атаулар да өте көп. Көбіне Алтай тауын мекен ететін шудалы, ақ білек, ағиық бүркіттер нағыз мұзбалақ қырандар деседі.
- Қазіргі таңда құсбегілік өнер Кәрі құрлық, араб елдерінде ерекше дамып келеді. Моңғолиядағы қандастарымыздың құсбегілік өнерін Батыстың ықпалды ақпарат құралдары жарыса жария етті. Біздің өңірде үзіліп барып қайта жалғанған ұлттық өнерді өркендету деңгейі қандай? Маңғыстауға әйгілі бұрын өткен құсбегілер туралы не айтасыз?
- 2017 жылы Атырауда республикалық құсбегілер турнирі өткен болатын. Болашақта Маңғыстау өлкесінде де республикалық деңгейдегі туринирлерді өткізуді күнтізбеге енгізу қажет. Елордадағы бас жаттықтырушымыз Базарбек Күнтуғанұлы ағамызбен де осы жайында біраз ақылдастық. Кеше аудан әкімімен жүздесіп, жас өрендерді ұлттық дәстүрге баулу мақсатында ұлттық спорт мектебін салу қажеттілігі туралы ой өрбіттік. Қолдау бар. Жуырда ғана клубқа екі ат берілді. Қазіргі таңда облыста 10 шақты құсбегі бар. Әрине, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, ақыл-кеңестермен бөлісеміз.
Құсты мереке-мейрамда ғана жарыққа шығарып, жұртшылықтың назарын аударып, суретке түсіп, одан соң торға қамап қою қиянат. Құста топқанат деген ауру болады. Қанаты жазылмаған құстың әр қауырсынының түбіндегі қылдай тамырлар оқыс екпінмен қанат сермегенде жарылады. Содан құс дертке ұрынады. Сол себепті күнұзақ болмаса да, күніне екі мәрте құсты ұшырту, ширату, баптау қажет-ақ!
Маңғыстауда ежелден әйгілі құсбегілер өмір сүрген. Соның бірі – Ескелді Айдарбай есімді атамыз. Маңғыстаулық құсбегілер туралы нақты деректер жоқтың қасы. Айдарбай атамыз аңшылыққа бейім, қақпан құрған кісі екен. Үйіндегі жалғыз түйесін беріп, қолға баулыған қыраны бертін келе аса қырағылығы, алымдылығымен атағы шығады. Тұрмысы күйленіп көк тағысы көлдей олжаға кенелткен екен. Менің айтпағым, маңғыстаулық құсбегілер туралы жан-жақты зерттеп, ел арасындағы аңыз-әңгімелерді жинақтап, жүйелеу қажет-ақ. Бұның өзі бағзы заманнан қазақ халқымен бірге жасасып келе жатырған құсбегілік өнердің лайықты деңгейде ұлықталуына ерекше ықпал етер ме еді?! Не десек те небір алмағайып замандардан алтын тіні үзілмей, жалғасып келе жатырған ата дәстүрді ардақ тұтар, төл өнерді төрге оздырар күн туды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН