25 шілде күні өткен ауыл әкімдерінің сайлауы аймақтың әлеуметтік дамуына қалай ықпал етпек? Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау қандай деңгейде? Сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы қандай шаралар қабылдады? Осы және өзге де мәселелер жөнінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Маңғыстау облысы филиалының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Демеуовамен сұхбаттасқан едік.
- Айгүл Амангелдіқызы, өткен ауыл әкімдерінің сайлауы туралы пікіріңіз.
- 25 шілдеде өткен ауыл әкімдерін сайлау - ел тәжірибесінде алғаш рет болып отырған жаңа қадам деп есептеймін. Бұл азаматтық қоғамның да жауапкершілігін арттырады. Бұл жолы ауыл әкімдеріне үміткерлер өз сайлауалды бағдарламасымен қатысты. Сайланғандары алдағы төрт жылда сол бағдарламаны орындауы керек. Сайланған әкімдер құзыреттері жоғары болып, жауапкершілікті түсінуі керек. Себебі, ол сол ауылдың гүлденуіне үлес қосатын бірінші адам. Ауылдағы әлеуметтік мәселелердің қаражатқа тірелетінін ескерсек, ол бюджеттен ғана қаржы алмай, ауылдағы салықты да сауатты игере білуі қажет. Ауыл әкімі жаңа форматтағы менеджер болуы керек деп айтар едім.
Академияның Маңғыстау облыстық филиалында сайланған әкімдерге біліктілік курстары жоспарлануда. Бюджет қаражатын тиімді игеру, салықтармен жұмыс істей білу, заңнамалық, стратегиялық құжаттарға мән беру, жобалық басқару сынды дүниелер үйретіледі. Биыл шілде айынан бастап барлық мемлекеттік қызметшілердің жалақысы факторлық-баллдық шкала бойынша төленеді. Енді олардың атқарып жатқан жұмыстары, жобалардың орындалу деңгейі арнайы бағдарлама арқылы қадағаланатын болады. Жоба аяқталған соң барлық құжаттар сонда сақталады. Бұл мемлекеттік қызметшілерді уақытын тиімді пайдалану мен тәуекел жағдайларға бейімделе білуге баулиды.
Жобалық басқаруды енгізуде қағаз есептер жойылып, ашықтық пайда болады.
Осы жылы еліміздің аудандық маңызы бар қалалары, ауылдары, кенттері, ауылдық округтері әкімдерін сайлау: сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру бойынша оқыту өткізілді. Аумақтық сайлау комиссиясының – 35 мүшесі мен учаскелік сайлау комиссиясының – 116 мүшесі оқытылған болатын.
- Академия оқытушылары туралы ақпарат бере кетсеңіз.
- Дәріс оқитын мамандарға қатысты айтар болсам, сарапшыларды, тренерларды конкурстан өткізу арқылы курстар мен семинарларға тартамыз. Бұл тыңдаушыларға білім беру бағдарламаларын тікелей жасаушылармен мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті атқару органдарының басқарма басшылары, орынбасарлары, сонымен қатар орталық мемлекеттік органдарының департамент басшылары мен орынбасарлары өздерінің бағыттарына қарай бізде оқып жатқан мемлекеттік қызметкерлерге өз тәжірибелерімен ұштастыра отырып дәрістер оқиды. Дәрістердің басым көпшілігін өз филиалымыздың штаттық профессорлық-оқытушылар құрамы, жоғары деңгейдегі тренерлер жүргізеді. Сондай-ақ академияның даму орталықтарының білікті тренерлері де жаңа форматтағы сабақ үдерістеріне тартылады. Қазіргі таңда филиалда 1 философия ғылымдарының докторы, 1 педагогика ғылымдарының докторы, 1 филология ғылымдарының кандидаты, 2 заң ғылымдарының кандидаты, 1 менеджмент магистрі қызмет атқарады.
Өңірімізден академияға ЖОО кейінгі білім сатысына оқуға түсетіндер саны артып келеді. Атап айтсақ: 2018 жылы – 4, 2019 жылы – 7, 2020 жылы – 8 мемлекеттік қызметші магистратураға түскен болса, 2 мемлекеттік қызметші доктарантурада оқып жатыр.
- Аймақта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралдардың бірі болып табылатын ISO 37001 атты «парақорлықпен күрес менеджмент жүйесі» халықаралық стандарты өңірімізге енгізуде, ол ұйымдарға халықаралық деңгейде мойындалуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізген кез келген ұйым «Парасатты ұйым» мәртебесіне ие болады. Жаһандық экономикалық және саяси тегеурінді талаптары бар қарқынды өзгермелі әлемде жаңа мүмкіндіктерді тану, тиімді шешімдерді уақытылы және ең аз тәуекелмен қабылдау өте маңызды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы парақорлықпен күрес менеджмент жүйесін енгізген және ISO 37001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігін сәтті растаған еліміздегі мемлекеттік ұйымдардың алғашқысы болды.
Қазіргі таңда ISO 37001 парақорлықпен күрес халықаралық менеджмент жүйесін енгізу бойынша Маңғыстау облысы республика бойынша алдыңғы қатарда. Маңғыстау облысы бойынша бірнеше квазимемлекеттік секторлардағы мекемелерге ISO 37001 стандарты енгізілді. Енгізілгеннен кейін олармен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша көп жұмыс жасалады. Соңынан халықаралық сертификатқа ие болады. Халықаралық танымал реестерге тіркеліп, «Парасатты ұйым» мәртебесін иеленеді. Бұдан кейін ол мекемелер бизнес процестерін ашық жүргізуге мүмкіндік алып, жемқорлық тәуекелдері азаяды. Аталған тәжірибелерді енгізуде Маңғыстау облысы алдыңғы қатарда екенін тағы да атап өткен жөн.
Биыл Қарақия ауданы әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне ҚР СТ ISO 21500-2014 «Жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулық» ұлттық стандартты бойынша оқу жүргізілді. Алдағы уақытта Маңғыстау облыстық әкімдігі мен Маңғыстау ауданы әкімдігімен жобалық басқару стандартын енгізу бойынша жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
- Осы бағытта қандай жаңа әдіс-тәсіл енгізілді? Өңірлік ерекшеліктерге мән бересіздер ме?
- Дәстүрлі түрде Development day іс-шаралары жүргізіледі. Development day бұл мемлекеттік қызметшілер үшін стандарттан тыс форматта оқытудағы жаңа тәсіл. Түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылады. Әрбір кездесу мемлекеттік қызметшілердің жеке қасиеттерін дамытуға, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызмет саласындағы құзыреттерін, атап айтқанда, өзін өзі дамыту, шешімдерді қабылдау, жеделділік, өзгерістерді басқару секілді құзыреттіліктерді арттыруға бағытталған тақырыптарға арналады.
Қоғамдық қызмет саласында, «Жақсылықты бірлесе жасайық» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған қайырымдылық акциясы аясында, қарттар үйіне қайырымдылық көмек көрсету, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық жасау секілді ұдайы өткізіліп келе жатқан шараларымыз әрі қарай жалғасады.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта оқыту барысында іссапарға шығып, әр ауданға барып дәріс жүргіземіз.
Алдағы мақсатымыз - қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен еңбек өнімділігін арттыру, білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру және оқытудағы жаңа технологияларды үздіксіз енгізу, білім беру ортасының коуч-тұжырымдамасын құру және тарату, өңірлік ерекшеліктерге мән беру.
Жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастық орнату жолымен оларды дамыту, «pre-module – module – post-module» жүйесін қолдану. Осы бағытта облыс әкімін академия филиалының қызметімен таныстыру, мемлекеттік қызметшілерді жобалық менеджмент саласында сертификаттау.
- Академияға түсу үшін мемлекеттік қызметте болу міндетті ме?
- Мемлекеттік қызметте істемейтін адам өз қаражаты есебінен оқи алады. Оқу ақысы жыл сайын өзгеріп отырады. Ал, мемлекеттік қызметшілерге талап – кемінде 2 жыл мемлекеттік қызмет өтілі болуы керек. Оқуға қабылдау қаңтар-маусым аралығы жүргізіледі. Құжат қабылдаудан бастап барлығы электронды түрде рәсімделеді. Биыл талаптар күшейді деп айта аламын.
- Академияда білім алып жатқандар шетелде практикадан өте ме?
- Әрине, бірнеше елмен келісім де бар. Ол елдегі елшілер осы мәселеде көмек көрсетеді. Ақылы түрде оқитындар шетелдегі практикадан өз қаражаты есебінен өтеді.
- Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша қандай талаптар қойылады?
- Академиядағы мемлекеттік қызметшілерге биылдан бастап қазақ тілін меңгеру деңгейіне арналған QRT тест тапсыру жүргізіледі. Себебі, кез-келген мемлекеттік қызметкер ең алдымен мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білуі қажет. Екіншіден, оларға ағылшын тілін меңгеру де маңызды, сол себепті Artis тесті алынады.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА