Тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы Ата Заңының қабылданғанына биыл 26 жыл толады. Аталған Конституцияның қазіргі қоғамдағы орны қандай? Заң аясында мәртебесі белгіленген қазақ тілі неге соңғы уақытта жиі дау туғызуда? Осы сауалдарды мемлекеттік биліктің бірнеше деңгейі, түрлі жүйелері мен саласында басшылық еткен қоғам қайраткері Қайролла Ережеповке қойған едік.
-30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. 1993 жылы қабылданған Конституцияның басы-қасында жүрдіңіз. Соңғы Ата Заң қабылданғанда да басқару жүйесінде болдыңыз. Екі Конституцияның басты айырмашылығы қандай?
-Кез келген елдің даму бағытын белгілейтін құжат – ол Ата заңы. 1993жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің сессиясында қабылданған Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды. Ал, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан ерекшелігі – жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген.
-Ата Заң күні өзге мерекелердің тасасында қалған жоқ па? Насихатталуына көңіліңіз тола ма?
-Біз кеңес дәуірі мен тәуелсіз Қазақстан кезеңінде өмір сүрдік, яғни екі дәуірдің куәгеріміз. Кеңес дәуірінде қарапайым адам - заң, адвокат, нотариус деген түсініктермен көп бетпе-бет келген жоқ. Заңгер, қорғаушы қызметіне істі болған адамдар ғана жиі жүгінетін. Бірақ, ол кездері қандай да бір идеологияның насихатталуына көп күш жұмсалатын. Себебі, басты мақсат - идеологияны тек өз елінің халқына ғана насихаттау емес, капиталистік әлеммен идеологиялық шайқас көзделетін.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің азаматтарымыз мемлекет Ата Заңға сай құрылып басқарылатынына, әр адамның құқығын Конституция қамтамасыз ететініне көзі жете бастады. Кәмелеттік жасқа толған әр қазақстандық «конституциялық құқықты» зерделей бастады. Конституциядан бастау алған өзге де заңдар өмірімізде маңызды орынға шықты. Тіпті, жанұядағы қарым-қатынас барысында заң белгілеген құқықтық негіздер бар екеніне көз жеткіздік. Ата-ана құқығы, қамқорлық деген терминдер енгізіле бастады. Мүлікке қатысты да түрлі құқықтар пайда болды. Бұрын заңды қорғаушы тек істі болған жағдайда болса, қазір кез-келген адамның жеке заңгері бар. Ол еңбек қатынасына, күнделікті әр түрлі жұмыс барысында ресми қарым-қатынасты реттеу үшін керек.
Қорыта келгенде айтарым – жоғарыда айтылған идеологиялық насихат жұмыстары қазір бізде жоқ. Бізде көптеген тың жобалар, жаңа бағдарламалар енгізіледі. Конституцияға қатысты түсіндіру, насихаттау жұмысы тек азаматтардың құқығы бұзылып, іс қозғалғанда емес, жалпыхалыққа күнделікті айтылып отыруы қажет.
Ал, Конституциялық құқықтың халық алдында орындалысы – бұл қазір өзекті мәселе болып тұр. Халықтың барлық құқығы сол Конституцияға сәйкес сақталып отыр ма деген даулы сұрақ туындауы заңды. Оны сақтайтын кім? Мемлекеттік органдар мен әр түрлі басшылық құрылымдар.
-Мемлекеттік тіл Ата Заңда көрсетілген дәрежеде ме? Қазақ тіліне қатысты соңғы кезде жиі орын алып отырған келеңсіз жайттардың себебі неде?
-Мемлекеттік тіл мәртебесі - тәуелсіздік алғалы қозғалып келе жатқан мәселе. Қазақстанның алғашқы Конституциясы талқыланып, қабылданар кезде де назарда болған ол – мемлекеттік тіл жайы. Қазір кез-келген құжаттың екі тілде талап етілуін «қоғамдағы дерт» деп айтар едім. Ол мемлекеттік органдарға да қатысты. 90 жылдардың басында белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезовпен депутаттық міндетті қатар атқардым. Ол қызметті бастаған тұста қазақшаға мүлдем шорқақ еді. Қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысып жүріп қазақ тілін үйренуге бар ынтасын қойды. Ең бастысы – мемлекеттік тілге жаны ашыды. Бірнеше тілді жетік білетін ол аз уақыт ішінде қазақ тілін керемет меңгеріп шықты. Қазір елдегі мықты сарапшалырдың бірі, жан-жақты адам. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы да солай айтар едім. Бала кезінен Ресейде болған ол сылтау іздемеді. Қазіркез-келген ортада алдымен қазақ тілінде сөйлейді.
Айтпағым, қарапайым халық пен талпынған азаматтар мемлекеттік тілді меңгеріп жатыр.
-Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді меңгеруде талапты күшейту қажет деп санайсыз ба?
-Қай бір жылдары осы кезеңде қазақ тілін меңгеру деңгейі осыншамаға жетеді деп пайыздық көрсеткіш белгіленді. Ол – болжаммен немесе күштеп енгізумен келетін дүние емес. Қарапайым ғана мысал, неге шетелге шыққанда сол елдің тілінде сөйлейміз, сөйлей алмасақ аудармашы көмегіне жүгінеміз. Себебі, сұраған нәрсеге қол жеткізу, мәселемізді шешу үшін сол тілде түсіндіруіміз қажет. Демек, сол тілге қажеттілік, сұраныс бар.
Ең алдымен басшылар таза сөйлеуі шарт. Басқаруға қатысты психологияда бар дүние ол – қарамағындағы қызметкер басшыға қарай талпынып, әс-әрекетін қайталайды. Түйіндеме, мінездеме жазылғанда қазақ тілі – «ана тілі» деп емес, мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгергені көрсетілуі қажет. Мемлекеттік тіл – өз мәртебесінде болуы керек.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА