Ақтауда дзюдодан үш дүркін КСРО және Еуропа чемпионы Марат Әзімбаевты еске алу турнирі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спорт клубтарының 2005-2006 жылы туған жасөсіпірім спортшылары арасында командалық турнир тұңғыш рет өткізіліп отыр. Маңғыстау облысы дзюдо федерациясының атқарушы директоры Ержан Байжұмановтың айтуынша, турнир халықаралық деңгейге жетіп, дәстүрге айналуы бек мүмкін.
Дүбірлі додаға Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев, облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев пен Марат Әзімбаевтың ағасы Амангелді Кенжелұлы, еліміздің түкпір-түкпірінен келген сыйлы қонақтар қатысты.
Спорт клубтары арасындағы командалық сайыс халықаралық стандарт бойынша өткізілді. Турнирдің ашылу салтанатында Марат Әзімбаевтың өмір жолы жөнінде фильм көрсетілді. Жарысқа 8 команда қатысып, І орынды «Тұрар Жолдыбаев атындағы дзюдо орталығы» жеңіп алды. Ал ІІ орынды «Сұңқар» спорт клубы иеленіп, «Мир-Ай» және «Қайсар» спорт клубы ІІІ орынды місе тұтты. Жеңімпаз командаларға кубок пен медальдар табысталып, І орын алған командаға 150 мың, ІІ орынға 100 мың теңге, ІІІ орынға 75 мың теңгеден қаржылай сыйлық берілді.
Сонымен қоса, "Үздік техникасы үшін" Есен Мұңал мен Жантілек Нұртілепұлы, "Жеңіске деген жігері үшін" Абылайхан Сұлтанбек марапатталып, әрқайсысына Марат Әзімбаевтың ағасы Амангелді Кенжелұлы 50 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыстады.
Маңғыстауда дзюдо күресі жақсы дамып келеді. Жас спортшылардың ұйымшылдық қабілетін арттыру үшін командалық турнир өткіздік. Балалар жақсы өнер көрсетті, жеңіске деген ұмтылысы өте жақсы. ҚР құрамасында белдесуге қабілетті көп. Спортшылардың дзюдодағы техника-тактикасы өте жақсы. Облыстық дзюдо федерациясының президенті Асылбек Тұрарұлы, спорт басқармасының басшысы Қанат Қошқарбайұлы мен «Қайсар Маңғыстау» спорт клубының директоры Айбек Имашевтың қолдауының арқасында турнир жоғары деңгейде өтті, - деді Маңғыстау облысы дзюдо федерациясының атқарушы директоры Ержан Байжұманов.
Сондай-ақ, Ержан Байжұманов Маңғыстау облысының құрамасы қарашада ересектер арасында Оралда өтетін ҚР біріншілігіне сақадай-сай екенін жеткізді. Ал таяуда Италияда жастар арасында өтетін әлем біріншілігінде маңғыстаулық дзюдошылар Марлен Әділ мен Мерей Марханбетов татамиде бақ сынайды. Айта кетейік. Марат Әзімбаев шетелге шығып, татамидегі тартысты жеңіспен аяқтаған алғашқы дзюдо чемпиондарының бірі. Ол тек қазақ спортына емес еліміздің кино саласына да еңбегі сіңген азамат. Марат Кенжелұлы кәсіби актер ретінде 13 фильмге түсіп, түрлі персонажды сомдаған. 2008 жылы 50 жасында өмірден озған.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын