Маңғыстау облысына 276 дәрігер жетіспейді. Биыл емдеу сауықтыру мекемелеріне 127 маман қабылданса да, Ақтаудың өзіне әлі 170 дәрігер керек, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Ал ақтаулықтар емханадағы кезектің айлап созылып кететініне шағымданады.
Иә, емханада алдын ала жазылу бойынша де қабылдайды. Бір ай бұрын жазылсақта, барған кезде басқа адамдарды қабылдап жатады. Ұзақ күтіп отырамыз. Кейде вообще тіпті алмай қаламыз. Кейде дәрігерлер орнында болмайды, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Әсел.
Ал Жаңаөзенде 66 маман тапшы болса, Мұнайлы ауданына 20 дәрігер керек. Ал қалған аудандарда санаулы маман жетіспейді. Денсаулық сақтау басқармасы баспанамен қамтамасыз ететін әлеуметтік бағдарламалардың барына қарамастан маман тапшылығы жойылмай отыр дейді. Облыста анестезиолог-реаниматолог пен тәжірибелік дәрігерлер аса тапшы болып отыр дейді басқармадағылар.
Облыста жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Мұндай дәрігерлер өңірдегі барлық бастапқы-санитарлық көмек көрсету ұйымына қажет. Ақтау қаласы әкімдігі жергілікті бюджет есебінен 75-ке жуық маман интернатурада және резиндентурада дайындалып жатыр. Ол мамандар дайындалып келгеннен кейін 5 жыл жұмыс істеп, өтейтін болады, - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік мамандармен қамту бөлімінің басшысы Айгүл Телегенова.
Ал денсаулық сақтау министрлігі мамандар тапшылығының негізгі себебі еңбекақы төлеу жүйесінің жетілмегендігі дейді. Жас мамандарды әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі салдарынан дәрігерлер бұл саладан да, елден де кетіп жатыр деп топшылайды. Министрліктің мәліметінше қазір елде педиатр, инфекционист, кардиолог, эпидемиолог, пульмонологтар тапшы. Ал жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, акушер-гинеколог тіпті жоқтың қасы.
Махаббат Нұржанқызы