«ҚТЖ» Маңғыстау-Алматы бағытында қатынайтын жолаушылар пойызын жаңартты. Дегенмен, пойыздың жүру уақыты өзгеріссіз қалады. Бүгін жаңа вагондар алғашқы сапарға аттанады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Вагондар мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландыруымен сатып алынған. Пойыз «Тверь» вагон жасау зауытының технологиясы бойынша «Тұлпар» зауытында құрастырылған. Маңғыстау-Алматы бағытында батыс филиалының жалпы пойыз құрамында 14 купе, 16 плацкарт жаңа вагон қатынайды.
Сонымен қатар, бүгінгі пойыз құрамы алғаш рет "әйелдер вагонында" пилоттық режимде 30 әйелді тасымалдайды. "Қазақстан темір жолы" жүргізілген сауалнама көптеген әйелдің осындай қызметті пайдаланғысы келетінін көрсеткендіктен осы жобаның енгізілгенін атап өтті.
«ҚТЖ» сұраныс болған жағдайда жоба басқа бағыттарға да таралатынын атап өтті. Билет құны бағасы қарапайым вагондармен бірдей болады. Билет сатып алғанда, әйелдер вагоны "ЖН"деп белгіленеді. Сондай-ақ, бұл вагонға билет алған жолаушы жеті жасқа дейінгі ұл балаларды өзімен бірге алып жүре алады.
Вагондар ауа баптау және өрт сөндіру жүйесімен, бейнебақылау, су қорымен жабдықталған. Сонымен қатар, әр вагонға тоңазытқыш пен микротолқынды пеш те қойылған. Сондай-ақ купе магниттік карталардың көмегімен ашылады.
"Маңғыстау – Алматы" бағыты бойынша жаңа вагондардың іске қосылуы – біз үшін айтулы оқиға. Қазіргі уақытта біз 28 жаңа вагонды алдық, олардың 18-і осы құрам үшін пайдаланылатын болады. Вагондар халықаралық стандарттарға сай жасақталған. Әр купеде теледидарлар да бар. Осы вагондардың арқасында біз қызмет сапасын едәуір арттырамыз, - дейді "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры Питер Штурм.
Айта кетейік, 2010-2021 жылдар аралығында "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы 1153 вагонды жаңартқан, оның ішінде 141 вагон – Маңғыстау облысы бойынша жүреді. Атап өтсек, №37/38 Маңғыстау – Нұр-Сұлтан (фирмалық) бағытында 33; №77/78 Маңғыстау – Алматы бағытында 90, №313/314 Атырау–Маңғыстау бағытында 18 вагон жаңартылған.
Питер Штурмның айтуынша, 2020-2029 жылдарға арналған жылжымалы құрамды жаңарту стратегиясына сәйкес 500-ге жуық жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды отырғызып-түсіруге арналған арнайы орындары және көтергіш құрылғылары бар вагондар бар.
Бұл біз үшін жоғары жетістік болмақ. Осы 500 вагон жеткізілгеннен кейін біз паркімізді 80 пайызға жаңартамыз. Осылайша вагон парктерінің сапасын едәуір арттыра аламыз. Мұның бәрі клиенттің бағдарын жетілдіру үшін жасалады,– деді Питер Штурм.
Сондай-ақ «ҚТЖ» клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін енгізілген басқа да жаңалықтарын хабарлады. Мысалы, жыл соңына дейін пойыздардың кідіріс уақыты веб-сайтта көрсетілетін жүйе енгізілмек.
Махаббат Нұржанқызы