Осыдан 10 күн бұрын Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев компаниялардың жауапсыздығынан тұрғындар зардап шегіп жатыр деп, жауапты қызметкерлеріне жұмыстануды тапсырған еді. Дегенмен, үлескердің мәселесі әлі де басылмай тұр. «Жеті Қазына» тұрғын үй кешеніне бар ақшасын салған ақтаулықтар бір жарым жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмай жүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Күннен күнге үлкейіп жатқан Ақтауда үлескерлер баспанаға қол жеткізе алмай пәтер жалдап жүргенін айтады. Мәселен, Перизат Әділханова 38-шағын ауданда бой көтеріп жатқан «Жеті Қазына» тұрғын үй кешенінен 3 бірдей баспана алу үшін бүкіл мүлкін сатқан. 2019 жылы жасалған келісім-шарт бойынша компания үйдің кілтін 2020 жылдың маусым айында беруі керек болған. Алайда, тұрғын үйдің қабырғасы түгілі, іргетасы қаланбаған дейді ол. Соның кесірінен айына пәтер жалдауға мәжбүр.
Бізге алғашында үйді 2020 жылдың маусым айында береміз деді. Одан кейін қыркүйекте береміз деді. Тағы желтоқсанға дейін созды. Шыдамымыз таусылды. Компания «Пәтерді келесі жылдың 3-4 кварталында аласыздар, бізде басқа мүмкіндік те, құрылыс материалы да жоқ. Оның үстіне пәтер бағасы өсіп жатыр, біз ештеңе жоғалтпаймыз. Ұнамаса, ақшаңызды кері қайтарып алыңыз» деп айтты, - дейді үлескер Перизат Әділханова.
Үйдің қабырғасы былай тұрсын, іргетасы жоқ әлі. Бәріміздің ақшамызды алып алды. Үйімді сатып, ақшасын осы кешендегі пәтерге салдым. Жалғыз мен емес, үлескердің бәрі қазір пәтер жалдап жүр, - дейді үлескер Нұрсұлу Мұхитова.

Үлескерлердің айтуынша, компания үй құрылысын аяқтауды осымен бірнеше мәрте шегеріп келеді. Ал құрылыс компаниясының өкілі барлық мәселе пандемияға байланысты деп отыр. Оның сөзінше, өңірде құрылыс материалдары тапшы.
Біз жұмысымызды белгілі бір уақытқа кідіртуге мәжбүр болдық. Қазіргі таңда мекеме басшылығы осы тығырықтан шығу үшін өндірістік аумақтан цех сатып алып жатыр. Цехті іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Қосылған сәттен бастап осы салынып жатқан нысанды толықтай жабдықтауға мүмкіндігіміз болады, - деді құрылыс компаниясының өкілі Бақыт Меңдібаев.
Компания 10 блоктан тұратын «Жеті Қазына» кешеннің 5 блогының құрылысы аяқталды, қалғанын аяқтай салысымен пәтер кілтін табыстаймыз деп отыр. Ал үлескерлер бұл құрғақ уәдеден әбден шаршадық дейді. «Элит санатты үйлерге материал табылғанда, комфорт санатты баспана құрылысы неге тұралап қалады?» дейді олар. Егер мәселе тез арада шешілмесе бір топ үлескер облыс әкімі мен прокуратураға шағымданатынын жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы