Қазір алаяқтарға олжалы болу оңай. Қоңырау шалады, керек деректі алады. Ал алаяқ арбауына түскен тұрғын әп-сәтте сан соғып, қаржыдан қағылады. Мұндай жағдайға тап болмас үшін нені ескеру керек? Бұл туралы Маңғыстау облысы Полиция департаменті айтып берді.
Соңғы уақытта жиі қайталанатын алаяқтар айласының бірі – банк қызметкерінің атын жамылу. Сол арқылы ол кез келген тұрғынға қоңырау шалып, депозит немесе банк картасының бар екенін айтады. Әрі қарай сіздің есепшотыңызға біреудің кіргенін және ақша алғысы келгенін хабарлайды. Әбден сенімге кіріп алғаннан кейін, тұрғыннан карта мәліметтерін сұрап, телефонға келген SMS-кодты білуге ұмтылады. Кейде смартфонға келген сілтеме арқылы қосымша орнатуды да талап етеді. Мұндай жағдайда әңгімені көп созбай, телефон тұтқасын қою керек. Себебі бұл сценарийдің мақсаты – қаражат ұрлау.
«Алаяқтар ақша жоғалту қорқынышымен ойнайды. Күйзеліске түсіреді, адамдар бұл жағдайда тез әрі ойланбай шешім қабылдайды. Бұрын алаяқтар тек бейтаныс нөмірлермен хабарласса, қазір IP-телефонияны қолданып, банк нөмірінен хабарласа алады. Сізде «Кім қоңырау шалып жатыр» деген күмән болса, оны анықтау өте оңай. Ол үшін телефон нөмірге қайта қоңырау шалыңыз. Өйткені IP-телефония тек бір бағытта ғана жұмыс істейді», - делінген Маңғыстау облысы Полиция департаменті парақшасында.
Зейнеткерлер де кибералаяқ құрбаны
«Сіздің әлеуметтік субсидия, өтемақы немесе шипажайға жолдама алуға құқығыңыз бар». Бұл – кибералаяқтардың зейнеткерлерді алдайтын тұрақты сөзі. Содан кейін олар төлем аудару үшін картаның нөмірін сұрап, сілтемеге өтуге, кейде шағын комиссия төлеуге шақырады.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің мәлімдеуінше, жәбірленушілер кибералаяқтардың сөзіне сеніп, билет алуға, шығындарды өңдеуге және т.б қызметтер үшін қаражат аударып қояды.
«Мұндай алаяқтар схемасы әртүрлі жағдайға сай өзгереді. Себебі олар жаңалықтарды үнемі оқып, зерттеп отырады. Мәселен, бүгінгі жаңалықта әлеуметтік төлемдер немесе өтемақы туралы айтатын болса, алаяқтар тез жаңа айла тауып, түрлі сілтеме жасай алады. Біз мұны пандемия кезінде көп байқадық», - дейді полиция департаменті.
«Қиналып жатырмын, ақша аударыңыз...»
Алаяқтардың тағы бір айласы – сіздің жақын досыңызды немесе туысыңызды пайдалану. Яғни, сізге «Мен қиналып жатырмын, осы нөмірге ақша аударыңыз ...» деген мәтінмен SMS келеді. Сол арқылы сіздің эмоцияңызға әсер етіп, жанашырлық сезімін ояту арқылы көрсетілген нөмірге ақша аударуға мәжбүрлейді.
«Бұл әдіс өте қарапайым болып көрінеді. Бірақ бүгінде бұл схема IP -телефонияны қолданудың әсерінен өте қауіпті. Себебі туысыңыз бен досыңыздың нөмерімен алаяқтар сізге оңай хабарласа алады. Дәл осы сәтте қандай хабар болмасын, сіз өзіңізді қолға алып, жақыныңызға қоңырау шалуыңыз керек», - деп ескертеді МО Полиция департаменті.
Сонымен қатар сізге «тегін кеңес беремін», «өніміңізді сатып аламын» деп қолда бар қаражатыңызды алатындар да көбейген.
Телефон арқылы айласын асырып, қалтасын қомпайтып жүрген алаяқтардан сақтану үшін Маңғыстау облысы Полиция департаменті төмендегі кеңесті естен шығармауға шақырады.
1. Ешкімге ешқашан жеке деректеріңізді, сондай-ақ карта мәліметтерін, CVV-кодын (артындағы үш таңбалы код) немесе SMS-тен растау кодын айтпаңыз.
2. Егер сізге ақша аудару туралы ұсыныспен қоңырау түссе (субсидия, зейнетақы, мемлекеттік қолдау), қуануға асықпаңыз. Алдымен мұндай төлемге құқығыңыз бар-жоғын тексеріп, ресми ресурстарға сұраныс қалдырғаныңыз дұрыс.
3. Бөтен нөмірге жауап беруге асықпаңыз және телефонды қоюдан қорықпаңыз. Асыққан сәтте сізді ақыл емес, эмоциялар басқарады! Сондықтан жағдайға көз жеткізу үшін әуелі банкке, туыстарыңыз бен достарыңызға қоңырау шалыңыз.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет ғаламтордан алынды