Берекет Беков мұнайшы өз ауласында жылына 22 мыңға дейін қызғалдақ өсіреді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Берекеттің қызғалдақ өсіруге деген қызығушылығы осыдан 5 жыл бұрын басталған. Бастапқыда Баянды ауылындағы үйінің ауласында шағын жылыжайға 200 дана гүл егіп көрген. Жыл санап қызғалдақты көптеп отырғыза бастаған. Мұнайшының хоббиі отбасының да сүйікті ісіне айналып үлгерген.
«Маған бақшада жұмыс істеп, өсімдіктерді күтіп-баптаған ұнайды. Жеке үйдің ауласында да көкөніс, жеміс ағаштарын отырғызуға әбден болады. Ал гүл егу - бұл ерекше күтімді қажет етеді. Тұқымды Голландиядан алдырамын. Алғашында аз-аздан ектім, содан кейін тапсырыс берушілер пайда болып, жылыжайды кеңейтуге тура келді. Біздің өңірдің топырағына бәрін отырғызуға болады, бастысы – уақытылы күтім жасау», - дейді Берекет Беков.
Берекет 15 жылдан бері «ҚаражанбасМұнай» АҚ-да жабдықтарды пайдалану және икемдеп жөндеу цехында жұмыс істеп келеді. Мұнайшының сүйікті ісі бүгінде шағын кәсіпке айналған. Ол тағы 1000 тұқым алдырып, кен орнына да гүл егуді жоспарлап отыр.