Өткен аптада «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Басқосу барысында ерекше қажеттіліктері бар жандарға кедергісіз қоғам құру үшін тең мүмкіндіктер жасауда кезігетін келеңсіздіктерді жою жайы талқыланды. Соның ішінде әлеуметтік нысандарда кемтар жандардың еркін қозғалысының кепілі тиісті стандартқа сай пандустарды орнату, «Инватакси» қызметін жүйелі ұйымдастыру, еңбек дауларын екіжақты келісім арқылы шешу секілді өзекті мәселелер ортақ талқыға түсті.
Мүгедек ыңғайына бейімдеу қажет
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы басшысы Шыңғыс Дүйсенов «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 126 тармағы бойынша «Ерекше қажілеттіліктері бар, нақтыласақ, көру, есту, тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар мүгедектер үшін кедергісіз қолжетімділікті құру мақсатында әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарының бейімделуін барынша қамту» және 128 тармағы бойынша «Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын 300-ден астам пандус орнату» көзделгендігін мәлімдеп, атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.
«Сайлауалды бағдарламаға сәйкес облыс аумағында биыл 305 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оның ішінде 151 мемлекеттік, 154 жеке меншік ғимарат бар. Мемлекеттік мекеме нысандары, тарқата айтсақ қалалық және аудандық коммуналдық меншікке 30, облыстық коммуналдық меншікке 121, ал республикалық меншікке 3 нысан қарасты. Бейімделуге жататын нысандардың басым бөлігі яғни 76 пайызы немесе 233 нысан Ақтау қаласында орналасқан. Мемлекеттік мекемелер бөлінісінде ең көбі білім, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларына қарасты нысандар. Маңғыстау облысының 5 аудан, 2 қаласында 7 ведомствоаралық мониторингтік топтар құрылып, мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижелері бойынша нысан иелеріне ұсыныстар берілді. Бейімделуге тиісті объектілер төрт санатқа бөлінеді. «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» ақпараттық орталындағы ақпаратқа сайкес қазіргі таңда көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 289, есту қабілетінен айрылған адамдар үшін – 310, кресло-арбалармен қозғалатын адамдар үшін – 287, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 288 нысан бейімделген. Яғни әр нысан аталған төрт санатқа жататын кемтар жандардың ыңғайына қарай толық тай бейімделуі қажет», - деп атап өтті Ш.Дүйсенов.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп тұруы үшін жаңа шағынаудандардағы тұрғын үй кешендерінде пандус орнату мәселесі де қоғамдық кеңес талқысына түсті. «Инватакси» қызметін сапалы жүзеге асыру әрі ұтымды ұйымдастыру үшін көлік бірлікерінің санын арттыруда тиімді тетіктерді іске қосу қажеттілігі айтылды.
Еңбек дауын тиімді шешу қажет
Сондай ақ басқосуда Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысы Әлігер Іңкәров өңірдегі кәсіпорындарда әлеуметтік және еңбек дауларын болдырмау үшін атқарылып жатқан шаралар бойынша мағлұмат берді.
«Дұрыс қолданған жағдайда еңбек нарығындағы құқық қатынасының барлық қатысушының мүдделерiн қанағаттандырып, шешiлмеген еңбек даулары мен наразылық акциялары мөлшерiн азайтатын, еңбек дауларын шешудiң дамыған тәсiлдерiнiң бiрi әлеуметтiк серiктестiк болып табылады. Әлеуметтiк серiктестiктiң үшжақты комиссиясы барлық деңгейде үш негiзгi топ – атқарушы билiк органдары, жұмыс берушiлер одақтары мен қауымдастықтары және жұмысшылар мүддесiн қорғайтын кәсiподақтар арасындағы мүдделердiң келiсуiне ықпал етуi тиiс. Нарық жағдайында еңбек саласындағы мемлекеттiк саясат азаматтардың негiзгi құқықтары мен бостандықтарына, мүмкiндiктер теңдiгi мен заң алдындағы теңдiктерге кепiлдiк берiп, мемлекетпен ең аз кепiлдендiрiлген стандарттарды ұсынады, әлеуметтiк қорғауды қажет ететiн тұлғалардың құқықтарын қамтамасыз етiп, құқықтық реттеу нормаларын белгiлейдi. Еңбек Басқармасымен еңбек дауларының алдын алу үшін мекемелердің еңбек жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Мониторинг нәтижесі бойынша еңбек саласында туындаған мәселелері бар мекемелер анықталып зерделенуде», -деп атап өтті тиісті басқарма басшысы.
Оның сүйенсек, жыл басынан бері облыс бойынша 47 еңбек дауы тіркелген. Оның ішінде, 3 сағаттан астам жұмысы тоқтатылған 22 кәсіпорын тіркелген. 25 кәсіпорында жұмысы тоқтатылмай жұмыс берушіге талап арыз қалдырып, жұмыскерлердің қойған талаптары татуластыру комиссиясының шешімдерімен немесе жұмыс берушімен қаралған.
«Биылғы еңбек даулары орын алып отырған кәсіпорындар жұмыскерлерінің негізгі талаптары жалақы мөлшерін арттыру. Жұмыс беруші еңбек ұжымы қойған талаптарды, олар келіп түскеннен кейін үш күннен кешіктірмей қарауға міндетті және бұл көрсетілген мерзімде келісімге қол жетпесе — өз шешімі мен ұсынысын жазбаша түрде еңбек ұжымының назарына жеткізеді және дауды ары қарай қарайтын өз жұмыскерінің құрамын көрсетеді. Екі немесе одан көп еңбек ұжымдарының бірлескен не ортақ талаптары жұмыс берушілердің (кәсіпкерлердің) тиісті органдарына жіберіледі, олар оны қарап, келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде өз шешімін еңбек ұжымдарының бірлескен өкілетті органына хабарлауға міндетті», - дейді басқарма басшысы.
Еңбек дауларына себеп болуы ықтимал еңбек заңнамасының бұзушылықтарын болдырмау үшiн биыл 9 ай ішінде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 332 тексеру жүргізілді, оның ішінде 316 жоспардан тыс тексеру, 16 профилактикалық бақылау және қадағалау шаралары жүргізілді. Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша 2021 жылдың 9 айында 689 заң бұзушылық анықталған. Анықталған заң бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта болдырмау үшін, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 514 нұсқама беріліп, 5,7 млн. теңгеге 37 әкімшілік айыппұл салынып, 8 ескерту жасалған. Бүгінгі күні жойылған заң бұзушылықтардың үлесі 97,3 пайызды құрайды. Басқармаға азаматтардан көбіне шағын және орта кәсіпкерлерге қатысты арыз-шағымдар түседі екен. Бұл орайда, еңбек инспекторлары шағын және орта кәсіпкерлікке мараторий жариялануына байланысты тексеру жүргізе алмайды. Сол себепті, арызданушының мәселесіне облысымыздағы медиаторлардың араласуымен және жұмыс берушілермен кездесу ұйымдастыру арқылы шешілуде. Сонымен бірге, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан бері облысымыздың 57 кәсіпорнында ҚР Еңбек Кодексінің соңғы өзгерістері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Облысымыздағы кейбір кәсіпорындар еңбек инспекторының нұсқамасымен немесе акттерімен келіспеу фактілері орын алып, жыл басынан бері 28 сот отырысына қатысқан.
Кеңес отырысында еңбек дауларын реттеу бойынша кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, сауалдарға жауап берілді.
Голрох Жеменей