8 жастағы ақтаулық Ұлан Төлеухан «Сардар» шекара кемесі экипажының бейресми мүшесі атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Экипаждағы ең жас шекарашының әскери қызметке деген қызығушылығы әкесінің атқаратын қызметінен басталған. Маңғыстау облыстық әскери патриоттық басқармасының аға офицері Ерсін Қайбуллин ұлының әскери қызметті жастайынан таңдағанына қарсылық білдірмейді.
Ұлым ес білгелі шекарашылардың өміріне қызығады. Балабақшада әртүрлі әскери шараларға қатысып жүретін. Мен қызмет ететін әскери бөлімнің ұйымдастырған мерекелік шараларына белсенді қатысып жүрді. Менің қызметім Ақтаудағы жағалау шекарасына ауысқанда Ұлан да жас шекарашы боламын деп ниет етті. Оған қарсы болмадық, болашақта кәмелетке жасқа толып, жоғары білімді де әскери жолда жалғастырамын десе құба-құп. Оған тек қуанамын, - деді Ерсін Қайбуллин.
Ақтаудағы № 6 мектептің 3-сынып оқушысы Ұлан Төлеухан қазір шекара қызметінің іс-шараларына қатысып жүр. Ол «Жас шекарашылар» үйірмесінің де мүшесі. Үйірмедегі алғырлығы мен белсенділігіне мән берген Шекара қызметінің басшылығы «Шекара қызметінің үздігі» деген марапат та берген.
Балабақшада шараларға қатысып жүріп әскери өмірге қызықтым. Кемеге мінгенде бойымды ерекше сезім кернейді. Ай сайын бір-екі рет кемеге мініп, теңізге шығып, шекарашыларға көмектесемін. Әкемнің жолымен жүргім келеді. Ол мен үшін де, әкем үшін де зор мақтаныш, - дейді жас шекарашы Ұлан Төлеухан.
Ұлан мектепте де үлгілі оқушы. Жаратылыстану, дүниетану, әдебиет пәндерін сүйіп оқиды. Кішкентайынан Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жаттап өскен оқушы қазір мәнерлеп оқуды хоббиіне айналдырған.
Махаббат Нұржанқызы