Есенов университетінің базасында оқушылар арасында «Қарақұйрық достары» клубтарының облыстық слеты өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шара 7 номинация бойынша байқау түрінде ұйымдастырылып, оқушылардың жұмыстарын тәжірибелі мамандар мен білікті сарапшылардан құралған әділқазылар алқасы бағалады.
Слет қорытындылары бойынша әр команда өзінің еңбегіне сай марапатталып, облыс бойынша «Қарақұйрық достары» клубтарының қоғамдастығы құрылуы жөнінде ниет білдірілді. Жас табиғат жанашырларының игі бастамасын әділқазылар алқасының мүшелері бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде және облыстық білім басқармасының қолдауымен Маңғыстау ауданының Тұщықұдық, Шебір, Қызан, Ақшымырау, Үштаған ауылдары мен Бейнеу ауданының Төлеп ауылы мектептерінде «Қарақұйрық достары» клубтары құрылған. Оларға туған жердің табиғатына қызығушылық білдірген және табиғатты қорғауға мүдделі оқушылар кірген.
Клуб мүшелері жергілікті сарапшылардың қолдауымен қарақұйрықтың мекендеу ортасына саяхаттарға шығып, зерттеу жұмыстарымен айналысып, ауыл ақсақалдарымен қазақ халқының табиғатты қорғау дәстүрлері туралы сұхбаттасып, басқа да әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырған.
Маңғыстау облысы мен Үстірт өңірінде өткен ғасырдың орталарында қарақұйрықтың саны 100 мыңнан асып тұрып, ал бүгінде оның саны 800-ге дейін азайып кеткендігі дабыл қағатындай жағдай. Жойылып кету қаупі төніп тұрған жануардың сақталуына Маңғыстау облысының Маңғыстау және Бейнеу ауданына қарасты ауылдарда білім алып жатқан оқушылар мен Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары белсенді атсалысуда.
Мұндай мүмкіндік «Қазақстанның Маңғыстау облысындағы ауыл мектептерінің оқушылары арасында қарақұйрықты сақтауды насихаттау» жобасының арқасында 2020 жылдың маусым айынан бастап пайда болды. Жобаны Батыс Қазақстан ҮЕҰ «Табиғи Орта» өңірлік ассоциациясы Халықаралық табиғат қорғау және табиғи ресурстар одағы бағдарламасының (IUCN Save Our Species) шағын гранты аясында жүзеге асырып жатыр.