Ақтауда «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» мен «Мемлекеттік шекара» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл еңбектерде Қазақстан республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тынымсыз тер төккен әскери қызметкерлердің ерлігі баяндалған. Олардың кейбірі – Отан алдындағы антын адал атқару барысында ерлікпен қаза тапқан боздақтар. Сол батырларға құрмет ретінде «Ақбота» саябағында қаза тапқан шекарашылар монументіне гүл шоқтары қойылып, ерліктері еске алынды. «Мемлекеттік шекара» кітабында Отанға қауіп төнгенде батылдығымен, кәсіби шеберлігімен көзге түскен 30-дан аса әскеридің оқиғасы жазылған.
- Алдыңғы буынның ерлігі біз үшін бағыт-бағдар болмақ. Бүгінгі шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып барлық аймақта ұйымдастырылуы тек емес. Осындай басқосу жас буын үшін үлгі болып, дәстүрлі түрде жалғасын табатына сенімдімін. Шекара күзету кезінде өз өмірін құрбан еткен әріптестеріміз аз емес. Жанқиярлық ерлік тек рухани бай адамға ғана тән. Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын, - деді ҰҚК шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының бастығы Әлібек Қайыпов.
Кітаптың тұсаукесеріне арналған салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен ҰҚК-нің басшы және жеке құрамы, ардагерлері, кітаптың тікелей кейіпкерлері қатысты. Облыс басшысына алдымен мұражай таныстырылып, тәуелсіздік жылдары атқарылған операциялар туралы айтылды.
- Қазақстан халқы бүгінде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім жағдайында өмір сүруде. Даму жолында айналасындағы көршілерімен ынтымақтастық бағытта экономиканың әр саласын дамыту үшін және әртараптандыру мәселесінде әлемде болып жатқан өзгерістерден қалмай көштің басында келеді. Қазақстан қарулы күштері сыртқы жағдайлардан қорғана алатын жағдайға жетті. Шекарашылардың күндіз-түні қырағылық танытып, өз қызметін адал атқаруы да нәтиже беріп келеді. Әсіресе, осы саланың ардагерлері ерекше құрметке лайық. Барлығыңызға атқарып жүрген қызметтеріңіз үшін ризашылық білдіремін. Заман талабы шұғыл шешім қабылдауды қажет етіп отыр. Біліктілікті арттыру барысында қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Атқарушы билік, әкімдік жоғары қолбасшының тапсырмасына сәйкес, қызметке қажетті жағдайды жасап келеді. Қызметкерлердің тұрмыстық жағдайы да шешімін табуда. Жалақы мәселесі жүйеленді. Осы сала қызметкерлерін қолдау бұдан әрі де жалғасын табады, - деді аймақ басшысы.
Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Марат Әбділмановтың айтуынша, ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келген мерекенің бірі – ол ҰҚК құрылуының 30 жылдығы. Жоғарыда аталған екі кітаптағы очерктер мен естеліктерде маңғыстаулық екі кейіпкердің оқиғасы баяндалған. Оның бірі – 3 ранг капитаны Ерболат Қалышев. Жауынгерлік қызметті атқару кезінде каспий теңізінде заңсыз жүзген Ресей Федерациясының 55 азаматын ұстаған. Осы ерлігі оған 2015 жылы Ерболатқа Қазақстан Республикасы президентінің бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталған. Ал осы жылдың қараша айында ол ҰҚК төрағасы бұйрығымен «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Екінші кейіпкер – подполковник Юрий Богомаз. 2017 жылы Жамбыл облысындағы Көксай елдімекенінде болған қар көшкіні кезінде 91678 әскери бөлімінің қызметкерлерін құтқару операциясын басқарып, нәтижесінде 16 әскери қызметкер қар көшкінінен аман қалған.
- Аталған кітаптарды осы салада қызмет ететін мамандар әдістеме ретінде де қолдануға болады. Барлық тәжірибені екі кітапқа сыйғызу мүмкін емес, сондықтан аталған еңбектердің жалғасы болады деп күтемін. «Мемлекеттік шекара» кітабында шекара қызметінің қыр-сыры сәл де болса ашып көрсетілді деп санаймын. Өсіп келе жатқан жастарға тәуелсіз еліміздің тыныштығы шекарадан басталатынын үйрететін тамаша дүние, тәуелсіздікке арналған керемет сый болды, - дейді Юрий Богомаз.
«Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» кітабында «Трест», «Қарлы Боран», «Торнадо» мен «Жусан» операциялары жайлы жазылған. Кітапқа нақты адмдар, құпиясы ашылған оқиғалар мен деректер енгізілген. Хикаялардың басым бөлігінде Қазақстан аумағында халықтың ой-санасын улап, іріткі салмақ болған радикалды топтарды жою барысы жайлы баяндалған. Оқиғалардың бірі 2016 жылдың жазында болған. Халықаралық террор ұйым өкілдері Балқаш қаласының маңында бірнеше нысанды жармақ болады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері күні-түні оларды іздестіріп, жоспарларының күл-талқынын шығарады. Осылайша талай адамның өмірі құтқарылып қалады. Кітапта 1990 жылғы тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар да кеңінен баян етілген.
Департамент басшысы облыс әкіміне аталған екі кітап пен естелік сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ ҰҚК-де жылдар бойы тапжылмай еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерге де қос туынды сыйға тартылды. Батырлық, батылдық пен отансүйгіштіктің жарқын көріністері сипатталған қос кітап қазақ және орыс тілдерінде 8 мың данамен жарық көрген. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА