Туыс ел Түркияның басына түскен ауыртпалық Қазақстанды да алаңдатуда. Тәуелсіздігін алғаш болып болып мойындап, бірге қуанған елге Қазақстан гуманитарлық көмектер жөнелтіп, мамандарды жіберуде. Айта кетейік, кейінгі кезде әлемнің әр нүктесінде табиғи зауалдар белең алып кетті. Дүние жүзі бойынша сейсмикалық жағдайдың үдегені байқалуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Соңғы бес жылда тек Қазақстан аумағында 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Нақты статистика бойынша, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900 түрлі деңгейдегі жер асты дүмпулері орын алған. Бұл геологиялық аймақтың сейсмикалық фоны, жиі кездесетін нәзік треморлар. Алайда, тұрғындар кәдімгідей сезінгендері де болған. Мәселен, соңғы бес жылда Қазақстан аумағында адамдар сезінген 66 сейсмикалық оқиға тіркелді. 2018 жылы – 20, 2019 жылы – 11, 2020 – 15, 2021 жылы – 11, 2022 жылы – 9 мәрте жер асты қозғалыстары орын алды. Соңғы сезілген жер сілкінісі Алматыда 2022 жылдың 28 желтоқсанында болды. Эпицентрі - Алматыдан 190 шақырым жердегі Қырғызстан мен Қытаймен шекаралас аумақ.
Ғалымдардың айтуынша, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми зерттеулер бойынша апта сайынғы қысқа мерзімді қорытынды жасалады. Аталған қорытынды 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылады.
Айта кететіні, Алматы маңында жыл басынан бері жер дүмпуі жиілеген. Соның ең соңғысы тіпті шаһарға жақын жерде 25 шақырым қашықтықта 10 қаңтар күні таңғы 04:12-де болыпты.
Ал, әлемдегі ірі жер сілкіністеріне келер болсақ, соңғы жылдағы көрсеткіш мынадай:
2022 жылдың 22 маусымы Ауғанстанның шығыс жағындағы Пактика және Хост провинциясындағы жер дүмпуінен 1 мыңнан астам адам қаза тауып, 1500 адам жараланған.
2017 жылдың 17 қыркүйегінде магнитудасы 7,1 баллдық жер сілкінісі Мексикада орын алды. Тереңдігі 57 шақырым. Елге 2 млрд доллар шығын келді. Дәл осы жылдың 12 қарашасы Иран мен Ирак шекарасында магнитудасы - 7,2 және 7,3 екі жер сілкінісі болды. Тереңдігі – 10 шақырым. Салдарынан 630 адам опат болып, 8 мыңнан астам адам жарақат алды.
2018 жылдың 28 ақпанында магнитудасы 7,5 баллдық жер сілкінісі Жаңа Зеландияның шығысында болды. Тереңдігі – 23 шақырымдық жер сілкінісінен 160 адам қаза тауып, 300 адам жараланды. Дүмпу бірнеше рет қайталанып соқты.
2018 жылдың 5 тамызы – Индонезияның Ломбок аралында 563 адам қаза тапты, мыңнан астамы жараланды.
Осы жылдың 28 қыркүйегінде Минахас түбегінде 7,4 баллдық жер сілкінісі орын алды. 2 мыңнан астам адам қаза болып, 10 мыңнан астам адам жараланды.
2021 жылы 14 тамызда Гаитиде 7,2 баллдық жер сілкінісі болып, 125 мың адам тұратын аумақта 2 мыңнан астамы опат болып, 12 мыңнан астам адам зардап шекті. 130 мың ғимаратқа зақым келген.
Ал, Түркия мен Сирия аумағында болған жер сілкінісінен қаза болғандар саны қазір – 40 мың адамнан асты.