Адамдар өмірін құтқару - жоғары және жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыз қандай мадаққа да лайықты. Елімізде жыл сайын 19 қазанда құтқарушылар күні атап өтіледі.
Қызметіне адал жан
Иә, қол бастаған жақсы басшы бар жерде қызметтің де оңды жүрері анық. Қазіргі таңда Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарып жүрген Нұрдәулет Саттықов Жадырасынұлы Ресей Федерациясының Красноярск өлкесіндегі Краснодар қаласында ауыл-шаруашылық институтына құжаттарын тапсырып, 1987-1989 жылдары әскери борышын өтеп, 1992 жылы оқуын тәмамдаған. Тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған соң, 1995 жылдан бастап төтенше жағдайлар саласына бет бұрған. Еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» АҚ екіжақты келісімшарт негізінде қызмет көрсететін №1 мамандандырылған әскери отрядта қатардағы өрт сөндіруші болып бастаған. 1998 жылы аталған отрядтың №19 бөлімінің инженері, 2005-2009 жылдар аралығында Қарақия аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі кезде еңбек өтілі 21 жылдан астам. Ширек ғасырға жуық қызметі басшылық тарапынан елеусіз қалған емес. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға белсенді қатысқаны және Қазақстан Республикасы тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы табыстары үшін ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2012 жылы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2016 жылы қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ҚР Ішкі істер Министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың «Құрмет Грамотасымен» мадақталды. Сондай-ақ, биылғы жылы азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің «Алғыс хатына» ие болған. Қазіргі таңда отбасында бір ұл, екі қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке.Нұрдәулет САТТЫҚОВ, Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі:
- 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жаңаөзен қаласы бойынша 45 төтенше жағдай оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 44-і өрт, 1 улану. 19 өрт оқиғасы қала бойынша тұрғын үйлерде тіркелген. Жалпы өрттен келген шығын 12 млн. 760 мың теңгені құраған. «Бала - бауыр етің» дейді ғой қазақ. Балаларды қараусыз қалдырып, сыртынан кілттеп кеткен бір отбасында төтенше жағдай орын алды. Балалардың сіріңкемен ойнауынан өрт шыққан. Өрттің негізгі шығу себептері - электр құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу, қысқаша тұйықталу, қасақана өртеу, балалардың өртпен ойнауы, пешпен арақашықтық сақтамау және отты абайсыз пайдалану. амандарымыздың талдау нәтижесі бойынша биылғы жылы тұрғын үй секторында өрт біршама көбейгені анықталды. Көпқабатты үйлерде өрттің шығу себептері негізінен адамдардың немқұрайлылығынан болып отыр. Бұрын үйімізден шыққанда жарықты, тоқты, газды өшіріп шығатынбыз. Өрт сол электр құрылғылары мен газды қосып, қараусыз қалдырғаннан болып отыр. Біздердің тағы бір жаман әдетіміз балконға керекті де, керек еместі де жинай беру ғой. Жоғары қабатта тұратын көршілеріміз темекі тастаса да өрт шығады. Осындай жағдайларға тұрғындарымыз сақ болса деген ой тастап отырмын, тіпті бұны ескерту деп қабылдаса да артық болмас.Халық алғысын алғандар
Көктем мезгілінің аяғында-ақ теңізге отбасымызбен, достарымызбен бірден жол тартамыз. Жаз бойы алыс-жақыннан келген қонақтарымызды да теңізге апарып, қонақ етеміз. Сол кәрі Каспий жағалауында адамдардың суға кетіп қалмауын бақылап, қажет болғанда көмек көрсететін Кендірлі жедел құтқару жасағы бөлімше қызметкерлері. Жаз бойы жұмыс ауысымдарында өзгенің өміріне араша түсіп жүрген жандарды құтқарушылар күнімен құттықтай отырып, олар туралы сөз қозғамасқа болмас. Кендірлі жедел құтқару жасағы бөлімше бастығы Қанат Лұқманов қаламыздағы №10 мектептің түлегі атанған соң, 2004-2008 жылдары Алматы қаласында жоғары білім алған. 2008-2009 жылы Отан алдындағы борышын ҚР Қарулы күштері қатарында өтеген. 2012 жылдан бері аталған бөлімшеде қызмет етіп келеді. Алдымен, құтқарушы, бас құтқарушы қызметін атқарып келген ол қазіргі таңда бөлімше бастығы міндетін абыройлы орындауда. Қанат Лұқмановтың айтуынша биылғы жылы су айдынында ешқандай қайғылы оқиға тіркелмеген. Биыл 6 және 5 жастағы ағайынды екі кішкентай бала құтқарылған. Жыл сайын осындай шаралардың алдын алу мақсатында Жаңаөзен қалалық Төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп Жаңаөзен қалалық білім бөлімімен біріге арнайы жоспар құрылады. Арнайы кесте бойынша мектептерде лекциялар, профилактикалық жұмыстар, интерактивтік сабақтар өткізіліп келеді. Судағы қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында қаламыздағы БАҚ-пен де тығыз байланыс орнатып, суда шомылу науқанында ескерту шаралары жүргізілген.Мықтылар таңдайтын мамандық
Алтынбек Қасымов №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны. Ол Көкшетау техникалық институтында әскери инженер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Осы салада 2004 жылдың қаңтар айынан бастап қызмет етіп жүр. Еңбегін қатардағы өрт сөндіруші болып бастаған. Қазіргі таңда қаламызда болып жатқан төтенше жағдайлардың ішінде автокөліктердің өртке оранып жатқаны бар. Автокөліктегі өрттердің негізгі себептері көліктердің техникалық ақауынан және қозғалтқыш бөлігінің тоқ сымдарының қысқаша тұйықталуынан болып отыр дейді маман. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар мамандары автокөлік жүргізушілеріне көліктегі тоқ сымдарына назар аудару маңызды екенін ескертіп отыр. Көліктегі өртті болдырмауға және қауіптің орын алуын төмендетуге болады. Ол үшін, жүргізушілер автокөлікті уақытында техникалық тексеруден өткізіп және техикалық жай-күйін бақылап отыруы қажет. Айта кететіні, көлік жүргізушілері бұл шараға жақсы көзқараспен қарады. Дегенмен қырағылық артық болмайды, көліктің өрт қауіпсіздігі тікелей адамдардың өміріне қауіп төндірумен байланысты. Сондай-ақ, қаламыздағы көптеген моншаларда котелды жағып кетіп, қараусыз қалдырғанның әсерінен өрт шыққан жағдайлар соңғы кездері жиі тіркелетін болып жүр. 2017 жылдың басынан бері 42 өрт оқиғасы тіркелген болса, оның 70%-ы тұрғын үйлерде, 5%-ы адам көп шоғырланатын жерлерде орын алған. Талдау нәтижелері бойынша осыған дейінгі 5 жыл ішінде жалған шақыру тіркелмеген болса, биыл 2 мәрте жалған қоңырау соғылған. Бұл жалған өрт мәліметтері бойынша құжаттар жиналып, ішкі істер бөліміне тапсырылған. Мұндай жалған ақпарат бергені үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, белгілі бір АЕК көлемінде айыппұл салынады. - Сөздің шыны керек, қазір жастарымыз табысы көп жұмысқа барғысы келеді. Бұл жасырын емес. Ал, біздің жұмысыз нағыз ер мінезді азаматтарға арналған, халықтың алғысын алатын жұмыс. Халықтың, мемлекеттің мүлкін, адам өмірін құтқаратын бұл мамандыққа жастарды жұмысқа шақырғым келеді. Көкшетау техникалық институтына жастарымыз былтырғы жылға қарағанда биыл қызығушылық танытып жатқаны байқалды. Біздің №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде офицерлік құрамда жергілікті жастар жетіспеушілігі байқалады. Ал, сержанттық құрамда кадр негізінен жаңаөзендік жастардан жасақталған.Бүгінгінің батырлары
Ерсайын Багытов Серікұлы 2000 жылы орта мектепті бітірген. 2001 жылы Қазақстан Республикасына қоныс аударып, 2003 әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. 2006 жылдың қаңтар айынан бастап №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі лауазымына тағайындалып, қазіргі уақытта №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі қызметінде. 2012 жылы «ҚазГӨЗ» ЖШС-нің аумағындағы №1 (2 блок, 28 торап) компресс цехынан өрт шыққаны есімізде. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Маңғыстау облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 66 адамы мен 6 техникасы, ҚР ТЖМ «Өрт сөндіруші-М» АҚ-ның 7 адамы мен 1 техникасы, «Семсер-өрт сөндiрушi» ЖШС-нің 13 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылған болатын. Сол тілсіз жауды ауыздықтаған ерлігі үшін Ерсайын Бағытовқа «ҚР ТЖ Министрлігінің «ТЖ ерлігі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Қуандық Айтнамазов №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Ол қаламыздағы мұнай және газ колледжін бітірген, білімі орта. Бұл салаға 2006-2007 жылдары Алматы облысы, Қапшағай қаласында Отан алдындағы борышын өтеген соң келген. Әскерден келгеннен бері осы салада қызмет атқарып жүрген ол авариялық құтқару жұмыстарына бірінші болып жетеді. Жандос Мадияров та өзінің өмірін өзгенің өмірі үшін бәске тігіп баратын осы бөлімшеде қызмет етіп жүрген мамандардың бірі. Жоғары білімді маман 2 жылдан бері жаңадан салынған «Рауан» шағынауданында тәулік бойы жаңбыр суын сорғымен айдап шығаруға атсалысқан. Ағымдағы жылдың сәуір айында кәріз жүйесін тазалап жүрген де осы азаматтар. Алты күн бойы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қаламыздағы кәріз жүйесінің қызметі тоқтамасын деп тер төкті. Кәріз жұмысы тоқтап тұрса, жаңбыр суы жиналмаса тұрғындардың жағдайын елестетіп көрейікші? Осы жерде жерлестерінің жайлы өмір сүруіне оң ықпалын тигізіп жатқан қызметкерлердің еңбегі еленсе игі. Тіпті, сұхбат барысында да төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерінің сөзге жоқ екендігін байқадық. Бұл, оларды даттағанымыз емес, керісінше. Кенеуі жоқ көп сөзден көрі қолдарынан іс келетін азаматтарды біз мақтамасақ, басшылық қолдамаса кім болғанымыз? Бұл жауапты істен мол сауап жинап жүрген азаматтарымыз аман болғай.Нәзік жанды құтқарушы
Жоғарыда бұл құтқарушы мамандық ерлерге тән деген пікір иелерін кездестірдік. Бірақ, нәзік жанды құтқарушының да бар екенін оқырмандырымыз білгені жөн деп шештік. Аға инженер, азаматтық қорғау аға лейтенанты, Гүлжамал Сұлтанғалиқызы Әділбекова Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжинирнг университетінде жоғары білім алған. Гүлжамал Сұлтанғалиқызының негізгі міндеті өрттің себебін анықтау. Соңғы жылдары өрттерді және де оның шығу себептерін зерттеу мәселесінің өзектілігі айқын көрініс алды. Өртті зерттеу - өрттің туындауымен байланысты нақты мән-жайларды анықтау процессі. Өрттерді зерттеу бойынша материалдарды дайындау кезінде фото және бейнетүсірілімнің, криминалистикалық техника мен басқа да құралдардың көмегімен өртті зерттеуге қатысты объектілерді, құбылыстарды белгілеу, айқындау және зерттеу бойынша қажетті іс-әрекеттерді жүзеге асырады. Арнайы әдістерді қолдану өрттің орын алған жерінде материалдық жағдайды зерттеу арқылы өрт шыққан жерді, тұтанудың даму жолдарын, өрттің шығу себебін анықтауға мүмкіндік береді, оған қоса оны аса ірі және күрделі өрттерде объективті және дәлелді етеді. Иә, бүгінде төтенше жағдайлар қызметкерінің беделі жоғары. Бұл жауапты да қиын мамандықты игеру кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сала мамандарының өз істерін абыроймен атқаруы құтқарылған адам өмірімен өлшенеді.Әсел ҚОЙШЫБАЕВА