Облыс тұрғындары енді тегін заңгерлік кеңес алатын болады. Кеше Ақтаудағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында құқық қорғау қызметін көрсететін орталық ашылды. Жұртшылыққа «бір терезе» принципі бойынша тәжірбиелі прокурорлар, адвокат, медиатор, әділет департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау басқармасы, пробация қызметкерлері заңгерлік кеңес береді. Мұндай орталық бұған дейін шілде айында Бас прокуратурада ашылған. Өңірде орталықты ашу мәселесі облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапқан. Құқық қорғау орталығы аптаның жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін қызмет көрсетеді. Маңғыстау облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, желтоқсан айында орталық кең ғимаратқа көшіріледі. Онда жоғарыда аталған мамандармен қатар жер комитетінің, әкімшілік және көші-қон полициясы, төтенше жағдайлар, жеке сот орындаушылардың өкілдері де кеңес беретін болады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ