©
Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сұрақтарды реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер болып Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексі, Азаматтық процестік кодексі, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы» туралы 19 маусым 1995 жылғы ҚР Заңы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті (Нью-Йорк, 16 желтоқсан 1966 жыл), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан қатысушы мемлекеттердің еңбекші – мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция (Кишинев, 14 қараша 2008 жыл), бір мемлекеттің басқа мемлекеттің аумағында тұрақты азаматтардың құқықтық мәртебесі туралы шарт (Москва, 28 сәуір 1998 жыл), Қазақстан Республикасы ратификациялаған басқа да халықаралық шарттар және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылдың 13 желтоқсанындағы «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қарауды сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы болып табылады.
ҚР Азаматтық процестік кодексінің 382-бабына сәйкес, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы өтінішті ішкі істер органдары шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның болған және (немесе) тіркелген жеріндегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында береді.
«Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қарауды сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 10-16 тармақтарына сәйкес, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның санкциялар ішінде әкімшілік жолмен кетіру көзделетін әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудан көрінетін заңнаманы бұзу азаматтық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы ішкі істер органдарының өтініші бойынша істерді қарау ерекше іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті сот іс қозғалған сәттен бастап он күн ішінде шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның, прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
Сондай – ақ шетелдікті шығарып жіберу үшін соттың белгілейтін мерзімі ақылға қонымды болуы тиіс.
Жалпы шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберуге басты негіз болып табылатын жағдай бұл – өзге елдің азаматтары ҚР Заңдарын сақтамай, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы және әкімшілік құқық бұзушылық жасауы.
Сот тәжірибесіне жүгінетін болсақ, осы санаттағы істерді қарау барысында шетелдіктер ҚР Заңнамасын бірнеше рет бұзғаны анықталады, сондықтан сот шетелдіктерді ҚР аумағынан тыс шығару кезінде, олардың жасаған қылмысы мен әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың салдары, оның қоғамға қауіптілігін де назарға алады.
Бұдан бөлек, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы» Заңының 22-бабына сәйкес, бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы шешім шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
Сондай – ақ кейбір шетел азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, олар қайта заң бұзушылыққа жол беруі жиі кездеседі, яғни бұдан шығатын түйін, шетелдіктер біздің елдің заңын құрметтемеуі, жаза қолданылған соң тиісті қорытындысын жасамауы деуге болады.
Сондықтан әрбір шетел азаматы біздің елде уақытша немесе жұмыс жасау кезінде болған уақытта ҚР Заңын бұлжытпай сақтауға міндетті, олай болмаған жағдайда сот жоғарыда аталған заң нормаларын басшылыққа алып, оларды ҚР аумағынан тыс шығару туралы шешім қабылдап,өз елдеріне мәжбүрлеп кері қайтарады.
Ақтау қаласының №2 сотының
судьясы М.К. Мукашев