Жуырда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» (МӘМС) жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері талқыланды. «Қазақстан Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырған бұл жиынға денсаулық сақтау басқармасының, Медициналық және фармацевтикалық қызметтер сапасын бақылау комитетінің, қоғамдық қорлар мен жеке меншік емханалардың өкілдері қатысты.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көптеген мәселелер қарастырылған. Отбасы қаржысын үнемдеу, шектеулі қызмет саласындағы мамандармен қол жетімді байланыс орнату, тәжірибелі дәрігерлер пациенттерге көп уақыт бөлу, тегін дәрілерді көбейту, оңалтудың үшінші кезеңін жасау жоспарланған. Бірақ бұл жаңа жүйемен толыққанды жұмыс істеу біраз уақыт алатынын айтады мамандар.
– МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау саласы толық қаржыландырылмаған.Жыл сайын бюджеттен ақша бөлінеді, бірақ шығындар өсуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізудің себебі де алаңдатарлық тренд болды. Соңғы жылдары тегін медицинаның сапасына наразы азаматтар ақылы салаға жиі кетіп жатыр. Мысалы, терапевт немесе педиатрдың ақылы алғашқы қабылдауы еліміздің ірі қалаларында 3–5 мың теңге (8–13 АҚШ доллары) тұрады. Сондықтан талдауларды ескерсек, клиникаға бару үшін орташа чек 20 мың теңгеге (50 АҚШ доллары) жетуі мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі– 80 АҚШ доллары. Коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау саласының жетілмегенін көрсетті. Жаңашылдықтың бақылаусыз енгізілуі жылдар бойғы жинақтың жоғалуына алып келді. Алайда жаңа жүйенің өз артықшылықтары да бар. Мәселен, отбасылық қаржыны үнемдеу. Елімізде медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге, оның ішінде мемлекет кепілдік берген ақысыз қызметтерге қарапайым халық өз қаржысын жұмсайтын. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл жағдайды түзетеді. 2025 жылға қарай Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сәйкес халықтың жеке шығындары қазіргі 42 пайыздан 30 пайызға дейін азаяды. Ақылы медициналық КТ және МРТ сияқты қымбат медициналық қызметтер сақтандыру пакетінің тізіміне енеді.
Бейінді маман қолжетімді болуы керек. Емхана әр науқас үшін жауап береді, барлық қызметті қолданады. Ал қаржы барлық медициналық қызмет көрсетілгеннен кейін төленеді. Демек, медициналық қызмет сапасы сәйкес және толық болуы керек.
Медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істеуге және пациенттерді сақтандыруға дайын жеке клиникаларда консультациялар алуға болады. Сонымен қатар консультациялық-диагностикалық көмекке бес есе көп қаражат бөлінеді. Қазіргі 27 миллиардтың орнына бұл бағыттың бюджеті 148 миллиард теңгеге дейін өседі.
Тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудегі үзілістер, олардың дәріханаларда болмауы, рецепт алудағы қиындықтар секілді мәселелер сақтандыру медицинасына көшу кезінде артта қалады. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерді сатып алуды орталықтандырды және науқастарға қажетті дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілуін үнемі қадағалап отырады. Айта кету керек, қазір екі миллионға жуық қазақстандық дәрі-дәрмекті тегін алады.
Елімізде оңалтудың үшінші кезеңі пайда болады. Оңалту және қалпына келтіру еміне бұрынғыдан 9 есе көп ақша бөлінеді. Сондықтан көмек түрінің бағдарламалары едәуір кеңейеді. Егер бүгінгі күні қазақстандықтар үшін оңалту көмегінің бірінші және екінші деңгейлері ғана қол жетімді болса, онда міндетті медициналық сақтандыруды енгізу арқылы үшінші, яғни кейінгі кезеңді оңалту мүмкіндігі пайда болады. Осылайша көптеген науқастар ауыр жарақаттардан, инсульт пен инфарктіден кейін қажетті оңалту емін ала алады. Барлық аймақтарда оңалту орталықтарын салуды және ашуды бастады. Соның ішінде жеке инвестициялар есебінен де науқастардың денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалған, – деді «Қазақстан Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова.
Шалқар АБЫЛҚЫЗЫ